//
Оңтүстікте нөсер жауыннан кейін біраз үйді су басты Жаңалықтар 

Оңтүстікте нөсер жауыннан кейін біраз үйді су басты

Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында төпеп жауған нөсер жауынның кесірінен біраз елдімекенді су басты. 17 сәуір күні кешке қарай Леңгір қаласы мен Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауыл округінің 1 Мамыр елдімекеніне су басу қаупі төнгені жайлы хабар түсті.

Оңтүстікте нөсер жауыннан кейін біраз үйді су басты

Төтенше жағдай мамандарының мәліметінше, гөсер жауын мен кәріз жүйесінің болмауы салдарынан Төле би ауданында 7 үйдің ауласын, Алтынтөбе ауылында 2 қора, 3 үй мен 1 шағын үйдің ауласын су басты.

Жергілікті тұрғындарға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бірден көмекке барған. 100 шақты маман мен 17 техника және 8 мотопомпылар ауыл-аймақтарда жүр. Облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев пен департамент басшысы да қазір осы аудандарда.

Төлебиліктер мұндай нөсер болмағанына біраз жыл өтті дейді. Жексенбінің кешінде күшті жаңбырдан әбіргер болған халықтың айтуына қарағанда, тас аралас лайқа су көзді ашып-жұмғанша ауланы алып кеткен. Ленгір қаласының байырғы тұрғыны Малика Наурызбаеваның айтуынша, тап осындай нөсер жауын осыдан 5 жыл бұрын болған екен.

Оқыс оқиғаға табиғаттың тосын мінезі ғана емес, тұрғындардың салғырттығы да себеп болған. Өйткені жергілікті халық үйлерінің жанындағы арық-атыздарды дер кезінде тазаламай, немқұрайлық танытады.

Нөсер жауын облыстың, әсіресе, Ордабасы, Сайрам , Төле би, Қазығұрт аудандарында қатты жауған. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл аймақтар қазір қатаң бақылауда. Арнайы штаб құрылған.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz