Шымкентте 34 жастағы келіншек қарулы тонаушыны өзі ұстады

404
Шымкентте 34 жастағы келіншек қарулы тонаушыны өзі ұстады

Шымкенттегі теміржол вокзалында қылмыс тыйылмай тұр. Сол маңайды торуылдауы тиіс тәртіп сақшыларының орнына дүңгіршек сатушылары тонаушыларды өздері тұтқындап әлек.

Шымкентте 34 жастағы келіншек қарулы тонаушыны өзі ұстады
Видеодан скриншот

Дәл осындай оқиға жуырда түн ортасында орын алған. Бейуақытта пышақ кезенген қарақшы сондағы сатушылардың мазасын қашырып, тауарларын тартып алуға талпынған. Шұжықтан дәмелі қаскөй суық қаруын сермеп, сондағы саудагерді қорқытқан.

Шымкентте 34 жастағы келіншек қарулы тонаушыны өзі ұстады

Бірақ жүрегінің түгі бар 34 жастағы Манзура есімді келіншек дүңгіршекке бас сұққан қауіпті қонақпен бірден арпалыса кеткен. Өткір пышақтан жеңіл жарақат алған сатушы бұзақыны өз қолымен тәртіп сақшыларына ұстап берді.

Манзура Тастемірова, сатушы: «Айқайды естігеннен кейін жүгіріп шықтым. Қарасам, ол қасымдағы үлкен апайға пышақ сермеп жатыр екен. Сосын өзім арпалысып, өзім жарақаттандым»

Келіншектің ерлігін елеген Шымкент станциясының басшылығы қайсар азаматшаға алғыс жариялап, марапаттады. Ал күдікті 46 жастағы Қырғызстан азаматы болып шықты. 15 жасынан бастап ұрлықпен күнелтіп келген қарақшы Әл Фараби полиция бөлімінің тергеу изоляторына 2 айға қамауға алынды.

Руслан Ендібаев, Шымкент станциясындағы желілік ішкі істер басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары: «Қазір Әлішер Сапарбаев қамауға алынған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұзақылық бабы бойынша іс қозғалды.»

Ал ерлік көрсеткен келіншек отағасынан артық сөз естісе де, дәл осындай қылмыстарға көз жұма қарай алмайтынын айтады. Қорықсам да қолдан келгенше арам пиғылдылардан арашалап алуға әр кез дайынмын деп түйіндеді батыр әйел.

Ғалымжан Кенжебек