Шымкенттегі сыра зауыты саудаға қойылды

579
Шымкент сыра зауыты
Шымкент сыра зауыты

Үлкен даудан кейін Шымкент сыра зауыты өзгенің меншігіне сатылуы мүмкін. Өйткені алып кәсіпорынның АТФ банкке жүздеген миллион доллар қарызы бар. Берешегін қайтара алмайтынына көзі жеткен банк өкілдерінің осылайша жеке кәсіпкер Тохтар Төлешовтің мүлкін тәркілеуден басқа амалы қалмаған.

Шымкент сыра зауыты
Шымкент сыра зауыты

Осылайша жеке сот орындаушысы «Шымкентсыра» ЖШС сыра зауытының кешенін саудаға қойды. Бұл туралы мәлімет бірыңғай электронды сауда алаңының сайтында жарияланып отыр.

Саудаға жалпы ауданы 30857 шаршы метр болатын ғимараттар мен құрылыстар қойылған. Жер көлемі – 1294 соттық. Кұрал-жабдығы мен түрлі активтер, тауар белгісімен қоса есептелгендегі бастапқы құны 27 миллиард 984 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Сауда 2016 жылдың 12 сәуіріне белгіленген. Бәссаудаға қатысушылар 1 млрд 399 млн 241 мың 750 теңге кепілдік жарна төлеуі тиіс.

Бұған себеп – Шымкент сыра зауытының басшылығы 2007 жылы АТФ банктен несие алған. Екі жыл қатарынан алып кәсіпорын берешегін тұрақты түрде төлепті. Бірақ, кейін өндіріс орны қарызын қайтаруды тоқтатқан. Несиесін төлеуге асықпаған алып зауыттың ісін 2015 жылы банк өкілдері сотқа өткізіпті. Жығылғанға жұдырық демекші, көпке ұзамай меншік иесі Тоқтар Төлешов қамауға алынып, қарызды қайтару күрделене түсті. Жеке кәсіпкердің тұтқындалуын кейін банк өкілдері лезде зауытты өз қарауына алған.

Бұған қоса анықталған мәлімет, осыған дейін Тоқтар Төлешов өзінің атындағы шыны зауытын кепілдікке қойып, үлкен сомада несие алған. Қарызын қайтармаған бұл серіктестіктің де құжатын банк өкілдері сотқа өткізіпті. Ал жергілікті билік басшылары атышулы кәсіпкердің қамауға алынуына байланысты Металлург стадионы мен фосфоршылар мәдениет үйін қалалық әкімдік меншігіне өткізу үшін келіссөз жүргізуде.

Зауыт басшылығы жүздеген қызметкері мен күзетшілеріне берешегін әлі өтеп болған жоқ. Ал екі ай қамауда болады деген Тохтар Төлешовтің ісі бойынша әзірге ешқандай ақпарат жарияланбаған. Бұл істің құпия түрде жүргізілуіне байланысты кәсіпкердің адвокаты да әзірге тіс жармай отыр.