//
Жаңалықтар 

Жолаушылар: “Шымкенттің жүргізушілері дөрекілікке бейім”

Шымкенттің жүргізушілері дөрекілікке бейім. Бұл – қоғамдық көлік жолаушыларының пікірі. №135 бағыттағы автобуспен күн сайын жұмысқа барып-қайтатын жерлестеріміз, әсіресе, қарбалас сәтте жүргізушілердің өз ережелерімен жолаушыларды мезі ететінін айтады. Ал оған наразы болған жолаушылар өздері ұрыс естіп қалады.

“3-4 минут болды тұрғанымызға. Неге жүрмейміз?” деген тілшінің сұрағына қоғамдық көлік жүргізушісі неқұрайлық танытып, жауап қатпады. Бір сәт үнсіз отырған ол дөрекілікке көшті.

Таңертең бірі жұмысына, бірі сабағына асыққан шымкенттіктер үшін бұл көрініс таңсық емес. Кейбір аялдамаларда “өз кестесімен” ұзағынан тұратын жүргізушілерге ескерту жасап, ертерек жүруін талап ететін жолаушылар талай рет балағат сөздер де естіген.

“Мен уақытқа қарап отырмын. Қазірдің өзінде 3 минуттан асты.”

“Автобус жүргізушісі жолаушының неге тұрмыз деген сұрағына өте дөрекі жауап қатты. Оның бұл әрекеті дұрыс емес қой?”

Жолаушылардан қоғамдық көліктердегі тәртіп бұзушылықтар мен қызмет көрсету деңгейінің төмендігі туралы қалалық көлік бөліміне арыз-шағымдар аз түспейді. Мұны бөлім мамандары растап отыр. Мәселен, 2015 жылы осындай шағымдар негізінде Шымкенттегі 16 жолаушы тасымалдау компаниясымен келісім-шарт бұзылыпты. Қоғамдық көліктердің қозғалысы мен тәртібіне қатысты нақты ереже бекітілген. Ал соны орындайтындардан гөрі, бұзатындар көп.

Жарысатын қоғамдық көліктер, аялдамада аялдап тұрып алатындар
Жарысатын қоғамдық көліктер, аялдамада тұрып алатындар

Жарқын Байдуллаев, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: “Қоғамдық көлік белгіленген кестеге сәйкес жүруі керек. Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жолаушыларды түсіреді, мінгізеді. Сосын жүруі тиіс. Ал тұрып алуы заңға қайшы.”

Ал таңертеңгі көріністің кейіпкерлеріне қатысты жолаушы тасымалдау компаниясынан түсінік ала алмадық. Барлығы жұмысбасты, уақыты жоқ. Бірақ, жүргізушіге қатысты шара көрілетінін алға тартты. Бұл жағдай өзге әріптестеріне үлгі болса, қоғамдық көліктегі мәдениеттілік те біршама өзгерер еді. Ол жолаушыларға да сабақ болуы тиіс.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz