«Ақсу Жабағылы» қорығы ЮНЕСКО-ның қорықтар желісіне енгізілді

1487

«Ақсу Жабағылы»  қорығы ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік биосфералық қорықтар желісіне енгізілді. Еліміз бойынша осымен мұндай мәртебе табиғаты арнайы қорғауға алынған бесінші аймаққа беріліп отыр. Бұл жүйе қорықтың өсімдіктер мен жануар әлемін, тұмса табиғатын сақтауға және еліміздің туристік әлеуетінің нығаюына септігін тигізеді.

Қорық аумағынан құстың 267 түрі кездестеруге болады. Олардың арасында тұқымы жойылып бара жатқандары да бар. Франциялық саяхтшылардың мұнда келгеніне бір аптадан асты. Топ мүшелерін мұнда құстар әлеміне болған қызыуғышылық жетелеп келген. Француз саяхатшысы Джереми Эйтчтың айтуы бойынша, оны қорықтағы биосфераның алуан түрлілігі таңқалдырды. Мәселен, мұнда Еуропада тіршілік етпейтін құстар көп. Осы сапарымызда тырна, сары торғай, бүркіт, ителгі мен таз қара секілді жыртықыш құстарды кездесітіріп, суретке түсіріп алды.

Қорықтың тағы бір асыл қазынасы кәдімгі жабайы алма. Жапырағы қызыл түстес, жемісі қышқыл. Ұзақ жылғы зерттеулерге сүйеніп ғалымдар оның бүгінгі жеміс алмасының түп атасы екенін дәлелдеп шықты.
Қазіргі таңда әлем жеміс ағашының ауруларын дәрілеу арқылы ғана жеңіп келеді. Ал Түлкібастың жабайы алмасы мыңдаған жылдардан бері табиғи сұрыптаудан өткен, кез келген ауа райына төзімді, шыдамды. Демек, ол бүгінгідей ғаламдық жылыну, ауа райының өзгеруі тұсында селекциялық жұмыстар үшін таптырмайтын тұқым болып қалмақ.

Қорықта аңдарға жылына үш мәрте санақ жүргізіледі. Көктемде, күзде және алғаш қар түскенде. Соңғы санақта қар барысының жұбы 15-ке жеткені мәлім болды. Сондай-ақ, үнді жайрасы, марал, еліктің саны да бұрынғыдан арта түскен. Ал тау сусары мен Түркістан мәлінін әлі де ерекше қамқорлыққа алып, тұқымын көбейту қажет.

«Ақсу Жабағылы» қорығының директоры Айтбек Меңілбековтың  сөзіне сүйенсек,  мұндағы
ірі аңдар  арқар мен қоңыр аю. Олардың саны  алғашқы санақпен салыстырғанда 3 есеге, тіпті 4 есеге дейін өсіпті.

Қорыққа жылына орта есеппен 1 жарым мыңдай саяхтшы келеді. Оның жартысына жуығы шетелдік азаматтар. Туристер үшін 3 экологиялық сүрлеу және 7 экскурсиялық бағыт жасақталған.