«До-Мажор» тобының әншісі: «Менің қолымнан басқа кәсіп келмейді екен»

«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы – «До-мажор» тобының бұрынғы әншісі Ермек Мұқашев. Елге танылып, тамаша әндерімен есте қалған топтың бұрынғы мүшесімен сұхбаттасып, алдағы жоспарлары туралы сұрап білген едік.

– Ермек, осыдан біраз жыл бұрын «До-Мажор» тобында өнер көрсетіп, лирикалық, махаббат тақырыбындағы әндеріңіз хитке айналған болатын. Ал топ тарағаннан кейін,  өнер сахнасында мүлдем көрінбей кеттіңіз. Қайда болдыңыз?

– Топ тарағалы 3-4 жыл болып қалды. Содан мен өнерден мүлде қол үздім. Шетел асып, басқа кәсіппен айналыстым. Бірақ кәсіппен айналысу менің табиғатыма сай келмейді екен. Содан Алматыға қайтып келдім. Сахнаға қайта оралдым.

– Өнерден бірден қол үзбек болуыңызға не себеп ? Әдетте топ тарағаннан кейін оның мүшелері шығармашылықтарын жеке дамыта береді емес пе?

– Шынымды айтсам, топ тарағаннан кейін көңілім қалды. Қанша еңбек еттік, қаншама әндер жаздырдық, бейнебаян түсірдік. Сонша еңбек еш болғаннан кейін, көңілім қалған болу керек. Оның үстіне әйелім екеуміз ақылдаса келе басқа салада өзімді сынып көргім келді. «Басқа нәрселер де қолымнан келетін шығар» деп ойладым. Мейрамхана, дүкен аштық. Қытайда біраз жыл тұрдым. Бірақ, бәрібір ортақ таныстарым, достарым, бауырларым, барлығы осы өнер саласынан ғой. Қолымды үзіп кете алмадым.

– «До-Мажор» тобының мүшелерімен араласып тұратын шығарсыз?

– Әрине, жігіттермен арақатынасымыз жақсы. Жеке-жеке ән шырқағанмен, бірге жұмыс жасаймыз. Бір студияда ән жаздырамыз. Олар да қайта сахнаға оралып, жаңа әндер жаздыру үстінде.

– Енді өзіңіз сүйіп таңдаған мамандығыңызға қайта оралдыңыз…

– Ия, 6-7 ай болды. Жаңа  әндер жазудамын. Қоржынымда 6-7 туынды бар. Бір бейнебаян түсіріп үлгердім. Қазір отандық телеарналардын енді көрсетіліп жатыр. Жаңалықтарым көп. Осы келесі айда тағы бір бейнебаян түсіремін.

– Тойға шақырады ма сізді?

– Иә, шақырады.

– Көп әншілер Шымкентке жиі келеді. Сіз ше?

– Шымкентке тойға жиі келемін.

– Әншілердің дені махаббат тақырыбына арналған әндерді орындайды. Сіздің репертуарыңыз қандай шығармалармен толығуда?

– 3 жыл аз уақыт емес. Көп нәрсе өзгерді. Тыңдарманның талғамы да басқа. Әншілер де көп. Сондықтан елдің есінде қалып, жүрегіне ұялата білу үшін жақсы дүниемен бастау керек деген ойым бар. Халыққа не керек екенін түсіну де қиындау болды алғашқыда. Бірақ, мен барлық тақырыпты қамтып, түрлі жанрдағы дүниелерді орындаудамын. Алайда көптің таңдауы, тыңдайтыны махаббат тақырыбы екені жасырын емес.

– Топтарыңызың қоржынында бірнеше ән болды. Халық сүйіп тыңдайтын шығармалар аз емес. Енді топ тарағаннан кейін сол әндерді сіздердің орындауға құқыларыңыз бар ма?

– Топты құрған – Сәкен Майғазиев ағамыз. Бірақ, «До-Мажордан» кетті деген сөз, Сәкен ағадан кетті деген сөз емес. Жеке-жеке танылғымыз да келеді. Дегенмен, Сәкен аға топты қайта құрамын десе, біз қарсы емеспіз. Тіпті 1-2 жылдан кейін қайта топ болып, бірге ән шырқап қалуымыз да әбден мүмкін.

– Біраз жылдан кейін қайта әншілікке бет бұрдыңыз. Дауысыңызды қайта қалпына келтіріп, күтім жасап жүрсіз бе?

– Әрине, Сая, Махамбет атты педагогтардан аптасына үш рет вокалдан сабақ алып жүрмін.

Сөз соңында Ермек Мұқашев өз ісіңді сүйсең, кәсібің де алға басады, табысың да молая түседі деген пікірін білдірді. Сонымен қатар енді осы таңдап алған жолымнан ешқашан айнымаймын, өйткені менің қолымнан басқа кәсіп келмейді екен деп сөзін аяқтады. Ал біз сахнаға қайта оралған әншіге тілекші екенімізді білдірдік.