//
«Мәңгілік даңқ» шеруінің қысқаша тарихы Жаңалықтар 

«Мәңгілік даңқ» шеруінің қысқаша тарихы

«Мәңгілік даңқ» шеруі. Жалпы халықтық қозғалыс қалай басталды?

Дүниежүзінің 400-ге жуық қаласы мен ауылының тұрғындары 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күнінде «Мәңгілік даңқ» шеруімен жүріп өтеді. Ардагерлердің ұл-қыздары мен немерелері батыр ата-апаларының суретін ұстап, ұзыннан-ұзақ жолмен жүріп өтеді. Және бұл — қайғылы шеру емес.

«Мәңгілік даңқ» шеруінің қысқаша тарихы

Бүгінгі таңда «Мәңгілік даңқ» қозғалысына әлемнің жүз мыңдаған тұрғыны атсалысуға әзір. Ал осынау жалпыхалықтық қозғалыс Ресейдің Томск қаласынан басталған. Жергілікті «ТВ-2» телеарнасының бірнеше қызметкері бастаманы қолға алады.

— Біздің байқағанымыз, жыл сайын 9 мамырдағы шеруге келетін қарт ардагерлердің саны азайып барады, – дейді жоба ұйымдастырушыларының бірі Игорь Дмитриев. – Ал олардың орнына саясаткерлер мен шенеуніктер басуда. Ал біз батыр апа-аталарымыздың шеруден қалмағанын қалаймыз. Сондықтан қала тұрғындарына соғыста жаумен айқасқан ардагерлердің суреттерін басып шығарып, 9 мамыр күні шеру ұйымдастыруды ұсындық.

«Мәңгілік даңқ» шеруінің тағы бір үйлестірушісі, журналист Сергей Лапенко қай бір жылдары 9 мамырдағы шеруге соғыс ардагерлерінің өздерінің ұрыстан қайтпай қалған қаруластарының суреттерін алып келіп жатқанын көргенін есін алады.

— Ақиқатына келсек, біз бұл қозғалыстың авторы емеспіз, — дейді Лапенко. — 2012 жылы Томскіде алғашқы «Мәңгілік даңқ» шеруін ұйымдастырған кезде сонау, бала кезімізде көргенімізді еске алдық. Қайбір жылдары әр жерде халық өз батырларын, ардагерлерін ұмытпас үшін суреттерін алып, шерумен жүретін. Бір жерде аз адам, бір жерде көп адам сол суреттермен мәңгілік алауға келетін.

Бұл тұста Томскідегі «ТВ-2» телеарнасының еңбегі сол — олар бұл идеяны халықаралық қозғалысқа айналдырды. Әрине, ең алдымен өзге қалалар мен елдердегі БАҚ өкілдерінің көмегімен. «Мәңгілік даңқ» қозғалысының командасы түрлі елдердегі медиаконференцияларда болып, идея туралы айтты.

Осылайша «Мәңгілік даңқ» шеруінің жарғысы жазылды. Басты мақсат — әр отбасында Ұлы Отан соғысы мен жауынгерлердің, олардың қан майдандағы ерлігін ұмытпау, мәңгі есте сақтау. Маңызды шарты — жеңіл жариядан, сұрқай саясаттан, жымысқы коммерциядан аулақ болу. Соның нәтижесі болар, бір-бірінен қол үзіп қалған жандар шеру кезінде қайта табысып жатты.

Бұл қозғалыстың тағы бір ерекшелігі — өзге әлеуметтік топтардағыдай емес, соғысқа қатысқандар ешқандай топқа бөлінбейді. Соғыс ардагері, теңіз солдаты, партизандар, қарсылық сарбаздары, жасырын ұрысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, концлагер тұтқындары — барлығының да суреттері шеруден табылуы тиіс. Барлығы да құрметке лайықты!

Ал ең бастысы — 9 мамыр күні салтанатты шараларға келген ардагерлер еш ойланбастан шерудің қатарына тұрып жатты. Себебі бұл — Жеңіс жауынгерінің шеруі, соғыс қаһарманының құрметі!

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz