«МузАрт» тобы Шымкеттен таланттарды іздейді

641
Ырысалды Атығаев,

«МузАрт» ансамблі Шымкентке келді. Бұл жолы өнер ұжымы жергілікті таланттарды іздеп келді. Танымал топ «МузАрт Live» жобасын қолға алғаны белгілі. Ел аумағында басталған шара алдымен Астана қаласында өтіп, енді Шымқалада жалғасын тауып отыр.

10013602_840364986069477_462366273_n

Толығырақ айтсақ, қазақ эстрадасының белді өкілдері «МузАрт» тобы өздеріне шәкірт іздейді, жас таланттардың тасада қалмай, танылуына енді өздері себепкер болмақ. Мұны бізге берген сұхбатында топ әншісі Кенжебек Жанәбілов айтты. Өнер иесінің айтуынша, «Дәстүрдің жарқын жалғасы» атты бастама 2 күн бойы өңіріміздегі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның екінші қабатында өтетін болады.

Кенжебек Жанәбілов, қазылар алқасының мүшесі: «Мойындаймын, жерлестерімнен үлкен үміт күтіп келдім. Бірақ, әзірге мен күткен, ойымдағыдай орындаушыны таба алмадым. Керісінше, кеше астаналықтар шымкенттіктерге қарағанда әлдеқайда басым түседі дер едім. Дайындықтары да жақсы еді. Бірақ, алда әлі 1 күн уақыт бар. Сондықтан, мен әлі де болса үмітімді үзбеймін. Шын талантты, дала дауысын күтемін! Ал қатысушылардың музыкалық біліміне емес, оның дарынына, қабілетіне назар аударып жатырмыз. Сондай-ақ, жас ерекшелігі де 14-25 жас аралығында болуы міндетті. Ал жеңімпазды «Қазақстан» ұлттық арнасының әзірлеген марапаты күтіп тұр. Және біз де өзіміз іздеп тапқан әншілерден «МузАрт» секілді топ жасақтап, олардың қазақ эстрадасында қанаттануы үшін қолдан келген көмекті аямаймыз».

5

Таңсәріде басталған іріктеу қас қарайғанға дейін жалғасты. Ұзын-сонар кезек толастар емес. Үміткерлердің бірі өлең сөздерін жаттаса, екіншісі дәлізде дайындығын пысықтап, ән салды.

Ырысалды Атығаев,
Ырысалды Атығаев

Ырысалды Атығаев, үміткер: «Менің жасым – 23-те. Шымкенттегі ОҚМПИ-де қызмет етемін. Әрине, «МузАрт Live» жобасын апта бұрын астаналық достарымнан естідім, бір жеті бойы дайындалдым. Бірақ, бүгін кәсіби әншілерді көргенде тосылып қалғанымды жасырмаймын. Қобалжығаным сонша, әнімді өз ойымдағыдай орындап шыға алмадым. Бірақ, үмітім бар. Ақтық кезеңге жолдама алсам деген арманым бар. Мен де жұлдыз болғым келеді.»

Іріктеу шарасының алғашқы күнінде 300-ге жуық жерлесіміз Мейрамбек Бесбаев пен Кенжебек Жанәбіловтың алдында өнер көрсетті. Сәкен Майғазиев 14 мамыр күні қосылады. Төрешілердің арасында сазгер Ринат Гайсин де бар. Ол жас өнерпаздардың әуен мен нотаға деген қабілетін бақылайтынын алға тартты.

Айта өтетін ақпар, «МузАрт Live» жобасы жыл бойы жалғасады. Жеңімпаз келер жылдың басында анықталып, шоу-бизнеске жолдама алады деп жоспарланып отыр.