Нұрқанат Жақыпбай: «Қазақ өнері режиссурадан ақсап жатыр»

839

Нұрқанат Жақыпбай – есімі көпке таныс актер, режиссер. Өнер иесі 1947 жылдың 24 маусымында Алматы облысына қарасты Қарқара ауылында туылған. Мәдениет саласындағы жылдар бойғы еңбегі үшін осыдан 21 жыл бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.

Өнер иесі театрмен қатар киноиндустрияны да қаузады. Фильмдердегі қайталанғысыз рөлдері қазақ киносының тарихына енгені есімізде. Өнердің өресін таныған талант мұнымен шектелген жоқ, жетістігін еселеу үшін тұңғиық, тың саланы тереңдеп бойлауға көшті – режиссураның рауан-реңін көрді. Сол қабілет-дарыны оның өнер өлкесіндегі жауапкершіліктің жүгі басым, дара, даңғыл жолды таңдауына сеп болды.

Нұрқанат Жақыпбай
Нұрқанат Жақыпбай

Таңданатыны сол, Нұрқанат ағаның арманы алдаған жоқ. Тиісінше, алға сүйреді. Абайдың жастық шағын бейнелейтін “Желсіз түнде жарық ай”, Ш.Айтматовтың шығармалары бойынша сахналаған “Жан азабы” сынды спектакльдері үшін 1995 жылдан бері республикалық театр фестивальдерінде топ жарып келеді. Еңбегі еленген Нұрқанат Жақыпбай еліміздің  «Ең үздік режиссері» атағын алды. Биыл халықаралық театр мерекесі аясында да Астананың жастар театрының көркемдік жетекшісіне «Еңлікгүл-2016» кәсіби марапаты табысталды.

Өнер иесінің өмір жолы мен еткен еңбегін осылай саралап отырғаным сол, қас қарайып, сағат тілі 18:30-ды көрсетті. Ойға шомып, күннің зымырай өткенін аңдамай қалыппын. Кейіпкеріммен келісілген уақыт таяп келеді, бірақ, әлгіндегі театрдың мен үшін таңсық, тұманды, ауқымы кең тұңғиық әлемін тасалағым келмейтіндей… Екінші жағынан театрдың «толағай-тұлғасымен» тілдесуден жүрексіндім бе, білмеймін… Әйтеуір, орнымнан қозғалғым келмеді. Кенеттен ой-қобалжуымды телефонның қоңырауы басты. «Нұрқанат аға шақырады» деп әріптер тізбектей жазылғанда жаңа ғана жанымды мазалаған сезім «дүлейі» сейіле кетті.

DSC01861
Театрдың әкімшілік бөлмесіне аяғымды асыға басып, жеттім-ау. Уағдаласқан уақытта кейіпкерім күтіп екен. Сол арада жол бойы жүйіткіген жүйрік оймен арпалысымның бәрі де артта қалды. Себебі, сәлемімді қабыл алған аға мені бұрыннан танитын адамдай жадырай, жайдары хал-сұрасып, «Көзіме бір көрінші, бала ғашық» қойылымының репетициясынан келгенін айтып, әңгімесін бастап кетті.

– Араға 8 жыл салып күнгейге келдік, кезекті гастрольдік сапарды алдын ала жоспарлағанымыз да жоқ. Ұжымдағы белсенділердің бірі «Аға, Шымкентке барайықшы» деп, қолқа салды. Ұсыныс сол уақытта-ақ қолдау тауып, баршамыз бірауыздан келісіп, келіп қалдық. Мақсатымыз да жоқ емес, театрдың 9 жыл ішіндегі атқарған азды-көпті жұмысын көрсетіп, жинақтаған қоржынындағы қойылымдарын халыққа таныстыру. Ел арасында анау айтқан жарнама да жүргізілген жоқ, бірақ оңтүстікқазақстандықтардың өнерге, театрға деген құрмет-ықыласы қашанда да жоғары ғой. Сол қалпынан танбай, біздің спектакльдерді тамашалау үшін көптеп келіп жатқаны қуантады. Алғашқы күннің өзінде У.Шекспирдің «Асау-тұсау» атты шығармасын көрген көпшіліктің қошеметі ерекше болды. Қол соғып, әртістермен бірге рөлге енгенін байқадым! Әрине, өнерсүйер қауымның мұндай әсері, берген бағасы бізге қанат бітіреді. Осыған қарап-ақ, гастрольді Шымқаладан бастағанымыз дұрыс болғанын марқая айта аламын.»

Астана Жастар театрының ұжымы
«Театр», «сахна», «көрермен» сөздерін ауызға алғанда кейіпкерімнің жүзі бал-бұл жайнап, бойын қуаныш сезімдері кернейтіндей. Табиғатының сұлулыққа құштар екенін жаңағы кейпіне қарап-ақ, жазбай тануға болатын еді. Салаға деген риясыз махабаттатына таң қалып, қазақ өнеріне қалай енгенін сұрадым. Сөздің төркінін түсінген өнер иесі іркілген жоқ:

– Бұл – бала күнгі арманым. Алматыда мектеп қабырғасында білім алып жүріп, 9-10 сыныпта Ш.Айманов атындағы Қазақфильмде кешқұрым уақыт тауып, қосымша дәріс алып жүрдім. Мектеппен бірдей аталған студияны тәмамдадым. Соңынан оқуды консерваторияда жалғастырдым, сол кезде-ақ Ғ. Мүсірепов атындағы театрда қызмет ете бастадым. Саланы кәсіби түрде меңгеру үшін бұл бастаманың мен үшін маңызы да зор еді. Сол кезде жанынан театр және көркемсурет институты ашылды, сонда білімімді жалғастырдым».


Өнер иесінің ойын бөлгім келмей, ұйып тыңдап отырдым. Бір қызығы жасы 70-ке таяғанын сол сәтте білдім. Мүлдем ұқсамайды. Қимылдары да ширақ. Киген костюмі де заманауи үлгіде. Дөңгеленген жүзі, нұрланған өткір көздері, қаққан кірпіктері де сол баяғы жастықтың жалынын сақтап қалған. Сахнаның ұшқыр ой мен тың ізденісті талап ететінін білетін кейіпкерім жалқаулыққа жол бермейтіні көрініп тұр. Көз айналасындағы әжімдерінің өзі  қарттықты жеңдірмейді. Маған солай көрінді…

– Сіздің жастар театрын ашуыңызға не себеп болды, әлде жастықтың жалынын қимайсыз ба? Басқа да бағыттағы театрлардың жұмысын жүргізуге болатын еді ғой, – дедім ойымды жасырмай.

– Орынды сұрақ, – деді күліп. – Білесің бе, Мөлдіржан?! Қоғамды тәрбиелеу үшін жастарды тәрбиелеу қажет! Сол секілді жастолқынның бос уақытын тиімді өткізу, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру және тек жастардың танымын қамту үшін осындай өнер ордасын ашқым келді. Жұмысымның, шығармашылығымның барлығын да жастарға арнағым келді. Алла қолдап, 9 жыл бұрын менің жүйелі мақсатым жүзеге асты. Сол уақыттарда Елордамызда опера және драма театрлары бар-тын, бірақ жастарға арналған мәдениет ошағы болмады, мұны Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі қолдап, әкімдік өкілдері маған ұсыныс айтты. Бас тартпадым, міне, Жастар театры осылай дүниеге келді! Өзім Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында педагогпын, сондықтан маған театр актерларын жасақтау қиынға соққан жоқ, өз шәкірттеріммен жұмысты бастап жібердім. Қазір де ұжымда 100 пайыз жастар қызмет етеді: әртістер, суретші маман, балетмейстер, сазды аспапта ойнаушы өнерпаздар, киім үлгісін дайындайтын тігінші, сахнаның үйлестіруші-безендіруші қоюшысына дейін. Көрермендеріміз де – жастар. Біз мектеп оқушыларына да түрлі ертегілер мен шытырманға толы шығармаларды сахналаймыз. Бұл үшін бізге Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп келеді.

Шәкірттерімен бірге
Шәкірттерімен бірге

Осы сәтте талай шәкірт тәрбиелеп, таланттардың түлеуіне себепкер болған ұлағатты ұстазға қарап бойымды мақтаныш кернеді. Қызықтым да. Өнерді шын сүйетін кейіпкерімнен «Қанша шәкіртіңіз бар? Көшбасшысы кімдер? Ал жастар театрының алғашқы баспалдағы ауыр болды ма?» деп сұрадым, көкейдегі сауалдарым кезексіз жолданды тағы. Өткенді көз алдына жүгірткен ол сәл кідіріп, терең тыныстап алды да сөзін сабақтай жөнелді:

– Шәкірттерім – қанаттарым! Менің – бар байлығым, мақтанышым! Бүгінге дейін, қателеспесем, 150 шәкірт тәрбиеледім. Олардың алды қазір қазақ өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырған азаматтар, Мейрамбек Бесбаев пен Әділ Ахметов, тағысын-тағылар! Жастар театры да өзге ұжымдар секілді алғашқы кездерде қиындықтарды бастан өткерді, жеке ғимарамыз болған жоқ. Мата сатып алып, сахналық киімдерді көз ілмей өзіміз тігіп, таңертең спектакль қоятынбыз. Ақша деген жоқ. Декорацияларды да қолмен түні бойы дайындадық қой. Актерлар небәрі 17 мың, ал мен 21 мың теңге жалақы алдық. Бұл қиындықтар 2 жылға жалғасты, бірақ мойымадық, көрермендер үшін іздендік, еңбектендік. Сосын қаладағы опера жане балет театрын күрделі жөндеуден өткізіп, бізге 1 жыл бұрын жекешелендіріп берді. Қазір, Құдайға шүкір, театрдың әлеуметтік ауалы жақсарды. Ұжымдағы 43 әртістің тең жартысы әкімдік тарапынан қолдауға ие болып, баспаналы болды. 100 мың теңгедей жалақысы бар. Қосымша киноға да түсіп, бұйырған қаламақысын алып жүр.


– Ұжымда 43 әртіс қызмет етеді, түгелімен Сіздің «мектептен» түлеген. Өзге де өңірлерден таланттарды түгендеу ойда жоқ па? Себебі Астананың жастар театрының қатарынан табылу – талайдың арманы! Әртістерге қандай талап қоясыз? Нағыз актер қандай болуы қажет? Бойынан қандай қасиеттер табылуы маңызды?

– Ең бірінші тазалық қажет, – деп шегелеп айтты сөзін режиссер. Қатқыл шыққан үні де театр талаптарының биік әрі қатаң екенін ұқтырғандай. – Өнерге деген тазалық керек. Жан-дүниенің тазалығы. Адамның шынайылығы, адалдық қасиеті, ақыл-парасаты биік болуы маңызды, сосын актерлік шеберлік пен еңбекқорлық қажет.

Тізбектеп шыққан талаптарына таңданғанымды түсінсе керек, сахнаның сырын меңгерген маман тосылмай «Иә, өзге аудан-қаладан келген талапты да талантты жастарды жұмысқа алдым. Бірақ, олар менің әртістерге қоятын ереже-заңыма бағынудан бас тартты» деді. – Мұндағы тәртіпке шыдаған жоқ. Қиындыққа төзбей, 1 айдан соң кете барады. Ал театр сахнасы – бүгін келіп, ертең бой тасалайтын әзәзіл мекен емес, қасиеті жоғары өнер ордасы! Мәселен, біз күн сайын таңертеңгі 8:30-дан түнгі сағат 10, 11-ге дейін үзіліссіз жұмыс жасаймыз. Айлап демалысқа шықпай тер төгетін кездер де көп, жексенбіні де ұмытамыз. Ұжымдағы жас әртістердің өздері шығармаға, рөлге қызығушылығы артып, демалыс күндері театрға келіп, дайындығын пысықтайды. Бұл – өнерге деген құрмет, махаббат қой! Әлі күнге ешқайсысының маңдайын сыйпап, сен жақсысың деп мақтаған емеспін. Олай мақтамаймын да! 12-13 жыл бұрын менің сыныбымды тәмамдағандары да менен жылы сөз естіген емес! Себебі актерді мақтаған күні ол сахнада сөнеді. Өспейді! Ізденуді қойып, даңдайсып кетеді. Жақсылық пен сұлулықтың шегі болмайды, сол сияқты өнердің де шекарасы болмауы тиіс, Болдым-толдым деу – ол әртістің қанатын қырқатын дүние, қиянат. Құлдырау да содан басталады. Ұжымдағы 43-нің ешқайсысын бөліп-жарған емеспін, басты рөл деп бекітілгенімен, оларды өзгелермен теңдей етіп көрсетемін көпке, сахнада да солай. Өзімді қаталмын дей алман, бірақ ұжымға үлкен талап қоямын. Әртіс – ең алдымен кәсіби әнші болуы керек, әнді шебер орындауы міндетті. Бізде жәй ғана «әләлекум» деген жасанды нұсқа мүлдем жүрмейді. Жұмысқа жанымен берілуі маңызды. Хореографиядан хабардар болғаны жақсы, себебі күн сайын таңсәріден қара кешке дейін айналысатын жұмысымызда бидің орны ерекше. Сайып келгенде вокал, би, хор, цирк – театрда тоғысатын өнердің ұлы көрінісі. Театрға шектеу қоюға болмайды, қалыпқа сыймайтын жанрлар арқылы ойды жеткізіп, көрерменнің назарын тартуға болады. Мүмкіндік көп, оны тиімді пайдалана білу – біздің еркімізде! Себебі залдағы көрерменді, әсіресе, жастар қауымының көзайымы болу үшін жалқаулықты ұмыту қажет. Бір сөзбен айтқанда, ғаламтор дамып, жаңа технология көш ілгері дамыған заманда жастар қызықты шеттен іздемеуі үшін біздің театр аз еңбектеніп жатқан жоқ. Жылына 5-6 премьера қоямыз, ал жалпы қоржында 33 спектакліміз бар.

Өнердегі әріптестерімен бірге
Өнердегі әріптестерімен бірге

Осы сәтте жүзіне қарап байқағаным, өмірінің театр сахнасымен байланысты болғанымен мақтанатындай. Халықтың алдында жауапкершіктің жүгін бәрінен биік қояды. Бұл өнерге деген сүйіспеншілігі болса керек-ті. Дәл осы кезде талабы жоғары, талғамы биік педагог, ел аумағындағы ең үздік режиссер екені есіме түсті, қойылымды шебер саханалауының сырын сұрадым.

– Оқырмандар алдында жан-дүниемдегі жайтты жасырмайын (күлді). Өзімді мақтағаным емес, бірақ, мен тума талант шығармын. Себебі, мынау жалғаннан тек жақсылық пен сұлулықты ғана көремін. Кез келген дүниеден әдемілікті іздеймін де тұрамын. Ал анам мені босанар шағында үйден қашып шығып, далада кәдімгі шөп-шалаңның ортасында дүниеге алып келіпті. Балалық шағым, жастық өмірім таулы аймақта, табиғаттың ең сұлу аумақтарында өтті. Ең керемет дүниелерді жаныма сіңірдім. Соның әсері болса керек, мен өзгелерге мүлдем ұқсамаймын. Жүздің, тіпті, мыңның бірі кәсіби режиссер бола алмайды. Режиссер – өзгелерден жүз бас жоғары ұйымдастырушы, суреткер деген ұғым. Оның қолында адамның, актердың, қоғамның тағдыры тұр. Кітаптағы шығарманы оқып отырғанда көз алдыма бейнелер елестеп, құлағыма сазды әуендер естіледі. Спектакльді сол сәтте тірілтемін, жан бітіремін, сондай ерекше қасиетім бар. Ал автордың ойын сол қалпында құрғақ ұсынуға болмайды, оны көрермен көруі қажет қой? Сондықтан, ән-би қосамын, сахнадағы әртістердің әрқайсысы өз алдына қимылда болуы керек, бірінші пландағы кейіпкер тіл қатып жатқан сәтте оның арқасындағы адамның жай қарап тұруына болмайды. Уақиғаны заманға сәйкестендіріп ұсынамын.


– Бүгінде ел аумағында режиссура қаншалықты қанат жайып, дамып жатыр? Қай жас режиссердің еңбегін ерекше атар едіңіз?

– Мемлекетімізде мен білетін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мен Астанадағы ұлттық университеті бар, жыл сайын бұл мамандықты талай түлек тәмамдап жатыр. Бірақ, соның бірі де салмағы ауыр саланы әкете алмады, олар бірден атақты, танымал режиссер болғысы келеді. Бірақ, ізденіс пен еңбек болмай, жетістік жоқ. Өкінішке қарай, мен бүгінгі толқыннан кәсіби режиссерді көргенім жоқ. Ал республика бойынша бас-аяғы 54 театр бар, онда кемінде 108 режиссер қызмет етуі керек. Ал бұл жоқ қой! Шындық осы! – Жауабын айтқанда дауысының дірілдеп, кейіпкерімнің көңілі жабырқай түсті. Салаға деген жанашырлығына куә болдым. Осы кезде ойыма театр, кино саласын бойлап жүрген Нұрқанат Жақыпбай өнер өлкесіне келмегенде, кім болар еді деген сауал келді. Сахнаны шексіз сүйетін кейіпкерімнен осылай сұрадым.

– Өнерсіз өмірімді көз алдыма елестете алмаймын, екінші рет дүниеге келсем де режиссер мамандығын таңдар едім. Кей кездері неге осы салаға ертерек еніп, қызмет етпедім деген ой мазалайды, әттеген-айлар да бар. Сондықтан болса керек, сөздік қорымда «Мен шаршадым» деген ұғымды мүлдем алып тастағанмын, шәкірттерім де мұны жақсы біледі. Әрдайым жастардың жанынан табылып, білген-көргенімді үйретемін. Іштарлық, көреалмаушылық, пендешіліктен ада болуға шақырамын. Олардың менің жақсылығымды ешқашан ұмытпайтынына сенемін…

IMG_0517
Жалқаулыққа жаны қарсы кейіпкерімнің мамандығына деген теңдессіз сүйіспеншілігіне, риясыз ықыласына қызықтым. Сахнаға деген қимастығына куә болдым. Шартарапты шытырман оқиғаға сыйдырып, халыққа ойды сүзіп ұсынатын жан шаршамайды, керісінше, қызметінен ләззат алады!

Театр дегенде жүрегі алып-ұшатын ағамен сырласып отырып, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппын. Кенет «Қойылым басталды» деп ұжымның басшысы, сахна саңлағының шәкірті Ернар Жұматаев бөлмеге енді. Жасы 70-ке таяса да театрдың ыстыға күйіп, суығын күйттейтін кейіпкерім қалың жұртшылықтың алдындағы жауапкершілігін бәрінен жоғары қояды, сахна алдындағы уайымы мен қобалжу күйі сол сәтте-ақ ду етіп жүзіне жазылды, қолындағы сүйенер таяғын іздеген ишара танытты. Сахнаға небәрі 1 минут уақыт қалғанын жақсы біледі, бірақ, кішіпейілділік қасиетінен танған жоқ. Менің соңғы сөзімді күтіп, орнынан тапжылмай отыр. Халық өнері үшін қызмет көрсетуден жалықпайтын жанашыр жанның жанарындағы жалын мен нұр кейіпкеріме деген көзқарасымның құнын еселей түсті. Дөңгеленген көзінде тұңғиыққа толы сыр жатыр. Ерекше мөлдіреп, сәуле шашып тұрады. Мейірбан, ұлық мінезді меңгерген адамды көргеніме, оның жан-дүниесіне үңілгеніме марқайғанымды сөзбен емес, мақаламмен меңзегім келгенін ол айтпай-ақ ұқты. Әлгінде ғана сұхбат алдында өзім айтқан телефон бетіне жазылған тіркесті тиек етіп, «Нұрқанат аға шақырады» деп әріптер тізбектей жазылғанда «Сөз түйінін сонда сабақтайық» деп жымиып, сүйікті жұмысына кетті.