//
Жаңалықтар 

Салық түсімі 3 пайызға ғана өскен

прокккОблыста бюджетті жоспарлау жүйесіз, ал Ұлттық қордан бөлінген қаржы оңды-солды жұмсалып жатыр. Облыстық прокуратурада өткен алқа мәжілісінде 2014-2015 жылдарға арналған жергілікті бюджетті жоспарлау заңдылығы мен қордан жұмсалған қаржының жұмсалуына қатысты жүргізілген прокурорлық қадағалау шаралары талқыланды. Прокурорлардың сөзінше, былтыр өңірде құрылыс саласына қаралған қаражаттар мақсатсыз аударылып, кейбір салық түрлерін жинауда олқылықтар кеткен.

Соңғы үш жылда Шымкентте тұрғын үйлер салынған жер телімдері үш есеге өскенмен, салықтың түсімі мардымсыз. 38 мың гектарды алып жатқан алқаптан салықшылар небәрі 10 мың гектарға тиесілі 140 млн теңгенің салығын жинапты. Осылайша түсім небәрі 3 пайызға өскен. Прокурорлар мұның себебін салық болжамын жасайтын орган өкілдерінің нысандардан бейхабар отырғанымен түсіндіреді.
Прокурорлық тексерулердің нәтижесінде анықталған олқылықтарды тыңдай келе салықшылар өз қиындықтарын алға тартып ақталуға тырысты. Айтуларына қарағанда, салада маман тапшылығы байқалады. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын мүлік салығымен айналысатын мамандардың саны облыс орталығында 70-тен асып жығылатын. Қазір бұл жұмысқа небәрі 12 маман жұмылдырылып отыр.
Сондай-ақ прокурорлар құрылыс саласындағы бірқатар пысықай әрекеттерді әшкерелеп берді. Айтуларынша Ұлттық қордан бөлінген қаржыға салынған әлеуметтік нысандардың сапасы көңіл көншітпейді. Жобалар құны тым қымбат бағаланып, мемлекеттік сатып алуларда жеңімпаз танылған мердігерлердің пайдасы көп ескерілген. Мәселен, былтыр Арыс қаласының әкімдігі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуде құрылыс шығыны нақты құнынан 10 пайызға артық есептеліпті.
Мәжіліс қорытындысында жергілікті және уәкілетті органдарға бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға, қызметтер мен тауарлардың құнын нарық бағасынан асырмау тапсырылды. Ал бюджеттің шығыс бөлігін жоспарлауда заңбұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілік тарту туралы ұсыныстар берілді.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz