Шымкенттіктер жолақыға 70 теңге төлеуді бастады

280
Жолкіренің мәселесі қашан шешіледі?

Жолақының тағы 20 теңгеге қымбаттап, 70 теңгеге жетуі шымкенттіктердің қалтасын қағып жатыр. Үш күннен бері жолақы төлеп жүрген қалалықтар бұл саланың сапасыз қызметіне наразы. Айтуларынша, жолкіре қымбаттағанымен, ешнәрсе өзгермеген. Сол баяғыша ескі автобустар есін шығарып, аялдамада сағаттап қоғамдық көлік тосуға мәжбүр.

Жолкіренің мәселесі қашан шешіледі?
Жолкіренің мәселесі қашан шешіледі?

Осы қоғамдық көліктерде билеттер қайта пайда болды. Балауса Нағызбекова күн сайын 2 мыңға тарта билет таратады. Айтуынша, қымбат тарифке шымкенттіктер әлі көндіккен жоқ.

Балауса Нағызбекова, кондуктор: «Бізде автобуспен жүретін студенттер мен зейнеткерлер көп. Көбісі жолақыны төлеп жатыр. Дегенмен, естімедік деп, қиғылық салатындары да бар. Сондай жолаушылар үшін біз электронное таблоны қостық.»

Жолаушы тасымалдаушылардың сөздеріне сенсек, жолкіре бағасының көтерілеуіне көліктердің қосалқы бөлшектері мен құрал-жабдықтарының қымбаттауы себеп екен. Ал бұл баға жолаушылардың көңілінен шықпай отыр. Айтуларынша, 70 теңге әжептеуір қалтаны қағады, тариф көтерілгенімен, сапа әлі де төмен.

Халықтың бұл пікірін жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері де қуаттап отыр. Олардың пікірінше, баға негізсіз көтерілген. Дөңгелек үстелге шақырылған сарапшылар тарифтің көтерілуі дағдарыс кезінде қаржыдан қиналып жүрген халықты тіпті абдыртып қояды дейді.

Ал Шымкент қаласының жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің мамандары бұл пікірмен келіспейді. Сала мамандары қоғамдық қатынастағы жағдай жаңа сатыға көтеріледі деп сендіреді. Қоғамдық көліктердің қозғалысы реттеліп, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалады деп отыр.

Айта кетейік, тасымалдаушылар ҰОС және тыл ардагерлерін, 1 топ мүгедектерін және оларды ерткен бір жолаушыны тегін алып жүреді. Сондай-ақ бұл жеңілдікті «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері де пайдалана алады. Жоғары сынып оқушылары мен күндізгі бөлімде оқитын студенттер 50 теңге, ал 7-15 жас аралығындағы жолаушылар тарифтің тең жартысын төлеп жүреді.

Мақпал Рысбаева