//
Шымкентте қысқа дайындық басталды Жаңалықтар 

Қысқа дайындық басталды

Шымкентте жылу маусымына дайындық пысықталуда. Еңбекші ауданы әкімдігі мамандары көп қабатты үйлерді алдағы жылу беру маусымына дайындауға кірісіп кеткен. Халыққа осы жұмысты түсіндірген жауаптылар сығымдау жұмыстарын бастады. Бұл жұмыстар аудан бойынша 526 үйде атқарылуы тиіс. Қазіргі таңда тұрғындармен түзілген келісім-шарт негізінде коммуналдық мекеме 18-шағынаудандағы үйлердің жылу құбырларын маусымға дайындап жатыр.

Шымкентте қысқа дайындық басталды

Тұрғындарымен келісім-шарт жасаған мердігер мекеме жылу жүйесіндегі күрделіктермен етене таныс. Былтыр жылу беру маусымында жертөледегі бұрамалар бұзылып, тұрғындар әлекке түскені бар. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында барлығы биыл тиянақтылықты серік етіп отыр.

Мердігерлер жертөледегі тозығы жеткен құбырлардың бір бөлігін алмастыруды да жөн көріпті. Жылу жүйесін жаңалауға қатысты барлық жұмыстар тұрғындармен түзілген келісім-шарт негізінде жүргізіледі. Еңбекші ауданы бойынша мамыр айына жоспарланған 50 үйде сығымдау жұмыстары аяқталып, жылу беру маусымына дайын.

Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: “Маусым, шілде және тамыз айларында қалған үйлерде сығымдау жұмыстары жүргізіледі. Мүмкіндікті пайдаланып, тұрғындарды жаз мезгілінде жылу жүйелерін алдағы жылу беру маусымына дайындауға шақырамын. Сонымен қатар жертөлелері, пәтерлердегі тозығы жеткен жылу жүйелерін қазірден алмастыру қажеттігін тұрғындарға кезекті рет ескертеміз.”

Бұл өтініш, ең алдымен, үйлерін алдағы қысқа өздері дайындайтын тұрғындарға қатысты дейді ауданның бас коммуналшысы. Айтуынша, өткен жылдардағы жылу беру маусымы көрсеткендей, дайындық жұмыстары мерзімінде жүргізілген көп қабатты үйлерде еш ақаулар орын алмай, тұрғындар сапалы жылумен қамтылған.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz