Ғ.Әбдірахымов: «Шымкент толығымен абаттандырылуы тиіс»

493
Ғ.Әбдірахымов:

Мегаполистің халқы ыңғайлы да жайлы өмір сүруі тиіс. Бұл жөнінде Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Күн тәртібіне сәйкес қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов шаһар аумағындағы көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарының жағдайы туралы баяндама жасады.

Ғ.Әбдірахымов: "Шымкент толығымен абаттандырылуы тиіс"

Сандарды сөйлетсек, 2016 жылы Шымкент қаласының орталық көшелері мен алаңдарындағы санитарлық тазалық жұмыстарына барлығы 1 млрд 792 млн теңге бөлінген. Оның  ішінде 757 млн теңге механикалық жолмен тазалау жұмыстарына, 678 млн теңге қолмен тазалау жұмыстарына, 125 млн. теңге өзен-каналдарды күтіп ұстауға, 80 млн теңге Асар шағынауданының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына, 14 млн теңге инертті материалдар қорын толықтыруға қарастырылған.

– Шымкенттің ұзындығы 835 шақырым келетін 156 көшесі қолмен санитарлық тазаланса, осы көшелердің 129-ында механикалық жолмен тазалау жұмыстары жүреді, – деп атап өтті Бейсенбек Жанбосынов.. Яғни, қыста қардан тазаланып, тұз араласқан құм себілсе, жазда көше жуылып, су себіледі. Бұл жұмыстарды 4 мекеме: «ЛТД Тұрмыс», «Югдорсервис», «СМД» және «Бәйтерек ЛБ» мекемелері атқаруда.

Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС директорының орынбасары Оразалы Шыршықбаев, «Жасыл қала» ЖШС директоры Нұрхан Егізбаев жасыл желекті егу және күтіп-ұстау бағытында қолға алынған жоспарлы жұмыстары мен өзекті мәселелерін де атап көрсетті.

Ғабидолла Әбдірахымов сала мамандарына қаланың демалыс орындарын – саябақтарды, гүлзарларды, аллеялар мен қала меншігіндегі аялдамаларды қысқа уақытта ретке келтіруді тапсырды. Айта кету керек, қаладағы мыңға таяу аялдаманың 400-і жеке меншіктің иелігіне жатады. Бұл үшін кешенді жұмыс жоспарын әзірлеу үшін 2 апта уақыт мерзімін белгіленді.

– Балаларға арналған және спорттық алаңшаларды көбейту жұмыстарының қарқынына серпін берген жөн, – деді қала әкімі. – Сондай-ақ, тұрғындар қаланың орталық көшелері мен аулаларында жарықтандыру қызметінен тапшылық сезінбеуі тиіс.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қала әкімі тиісті сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.