Банк карточкаларынан ірі көлемде ақша ұрлаған күдікті іздестірілуде

251
Банк карточкаларынан ірі көлемде ақша ұрлаған күдікті іздестірілуде

Шымкент қаласының полицейлері банк карточкаларымен алаяқтық жасаған ер азаматты іздейді. Тәртіп сақшыларына облыстың онға жуық тұрғыны арызданып келген. Олардың айтуынша, банк карточкаларынан ақша алуға жәрдем беремін деген сылтаумен белгісіз біреу карточкаларды ауыстыру арқылы шоттан ақшаларын алып қойған.

Мысалы, 17 маусым күні 37 жастағы Төле би ауданының тұрғыны қаладағы банктердің бірінің алдында тұрғанда қасына белгісіз азамат келіп, банкоматтан ақша алуға көмегін ұсынады. Одан соң карточкаларды ауыстырып, алаяқтықпен әйелдің шотынан 160 мың теңгеден асатын ақшасын алып кетіп қалады.

Банк карточкаларынан ірі көлемде ақша ұрлаған күдікті іздестірілуде

Бұл факті Әл Фараби полиция бөлімінде тіркеліп, қылмысты кодекстің 190-бабымен (алаяқтық) іс қозғалды. Жедел іздестіру шарасы негізінде полиция қызметкерлері куәлерден жауап алып, банкоматта орнатылған бейнекамера жазбалары арқылы күдіктінің жобасын анықтады. Тергеушілер бұл күдіктінің Шымкентте болған 30-ға жуық алаяқтық әрекетке қатысы болуы мүмкін деп отыр.

Осыған орай тәртіп сақшылары күдікті жайында қандай да бір ақпарат білетін азаматтар болса, ОҚО ІІД криминалды полиция басқармасына 102 нөмері арқылы хабар беруін сұрайды.