//
ОҚО прокуроры әлеуметтік саладағы былықты сынға алды Жаңалықтар 

ОҚО прокуроры әлеуметтік саладағы былықты сынға алды

Оңтүстікте әлеуметтік қамсыздандыру саласында былық жетіп-артылады. Облыстық прокуратура өткен басқосуда осы мәселе сөз болды. Алқа мәжілісін жинаған облыс прокуроры Ибрахим Иманов әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына берілетін көмектің талан-таражға салынғанын баса айтты. Мұны облыстық мәслихаттың депутаттары да растап отыр. Жиында облыс прокуроры салған жерден саладағы заңсыздықты тізіп шықты.

ОҚО прокуроры әлеуметтік саладағы былықты сынға алды
Ибрахим Иманов, ОҚО прокуроры

Ибрахим Иманов, облыс прокуроры: “2015 жылы әлеуметтік қамсыздандыру саласында мемлекетке 3,5 млн теңге шығын келіп, 45 тұлға жауапкершілікке тартылса, биылғы жарты жылдың өзінде бюджеттің 7 млн теңгесі талан-таражға ұшыраған. 4 қылмысты іс қозғалып, 51 адамды жұмысқа алу туралы жалған мәлімет көрсетілген. Былтыр тексеру кезінде 31 адамның жұмысқа жалған орналасқаны анықталды. Жұмыс берушілерге қатысты 4 қылмысты іс қозғалып, бағдарламаның іске асыруға жауапты 45 тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Біреуі сыбайластыққа жағдай жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ, несиені мақсатсыз жұмсау да бар. Соңғы 3 жылда прокурорлардың анықтауымен жұмыспен қамту бойынша бөлінген бюджет қаржысын жымқыруға қатысты 20 қылмысты іс қозғады, 7 тұлға сотты болып, 10 млн теңге бюджетке қайтарылды.”

Әр азамат мемлекеттік мүлкін өзінікімен бірдей қорғауы тиіс екенін еске салған Ибрахим Әлжанұлы салаға жауаптылардың заңсыздықтарды жоюға келгенде әрекетсіздігін сынады.

Ибрахим Иманов, облыс прокуроры: “Егер сіздің үйіңізге ұры түссе, жыл сайын жиған-тергеніңізді жымқырып жүрсе, не істейсіз? Құлып саласыз, ит асырайсыз, күзет жалдайсыз. Ал мынадай былық қашан бұл тоқтайды? Жылдан жылға өршімесе, азайып жатқан жоқ. Неге өздеріңіз әрекет жасамайсыздар? Прокуратура мен полицияға біздегі былықты тоқтатайық деген бірде-бір хат түскен жоқ. Бізге көмек беріңіздер деген ұсыныс жоқ.”

Прокурорлардың мәліметін депутаттар да растап отыр. Облыстық мәслихаттағы тұрақты комиссия мүшелері тексеру жүргізіп, біраз былықты анықтаған. Халық қалаулысын, әсіресе, жыл сайын жүздеген адамды қайта даярлауға жұмсалатын қаржының қайтарымы қызықтырып отыр.

ОҚО прокуроры әлеуметтік саладағы былықты сынға алды
Саттар Қуашбай, облыс мәслихатының депутаты

Саттар Қуашбай, облыс мәслихатының депутаты: “Мысалы, мамандарды қайта даярлауды айталық. Бір жылда 500-1000 адам қайта даярлаудан өтеді. Көбісі жылда шаштараз, аспаз, тігіншіге оқытылады. Токарь дайындалады. Қазір мұның бәрі қажет пе? Осыны анықтаған жан бар ма? Бұл – ақшаны жұмсау. Себебі, әр адамға 36 мың теңге бөлінеді. 16 мың теңге – шәкіртақы. Ал 20 мың теңге – оқу ақысы. Ал қайта даярлаудан өткен соң ол адам жұмысқа тұрды ма, тұрмады ма, ол жағы белгісіз.”

Жиынға келген кәсіпкерлер палатасының төрағасын, облыс әкімінің орынбасары мен әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысын облыс прокуроры өзінің туған ауылына шақырып, нақты мысалды да келтірді.

Ибрахим Иманов, облыс прокуроры: “Керек болса, менің өзімнің ауылыма ертіп барайын. Нағыз жағдайды көреміз. Сол, бір жерден бастайық. Паспорт дайындадық, сіздерге берейік, екі жұмыс болмасын.”

Алқа мәжілісінің соңында халықты жұмыспен қамту, шаруаға несие мен мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек беру ісі құзырлы органның емес, осы салаға тиісті мамандардың жұмысы екенін айтқан Ибрахим Иманов кемшіліктерді түзеуді тапсырды.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz