ОҚО әкімдігі: «Желден келген шығын барынша жылдам қалпына келтіріледі»

254
Желден келген шығын ең қысқа мерзімде қалпына келтіріледі

Оңтүстікте күшті желдің салдарынан болған шығын ең қысқа мерзімде қалыпқа келтіріледі. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы Александр Путейко мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы басқармасының басшысы Марғұлан Марайым мәлім етті.

Желден келген шығын ең қысқа мерзімде қалпына келтіріледі

Баспасөз жиынында белгілі болғандай, күшті дауылдың салдарынан Отырар ауданына қарасты 7 ауылдық округтегі 650 үй мен 20 әлеуметтік нысанға зиян келіп, алдын ала болжанған шығын көлемі шамамен 75 млн теңгені құраған, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Спикерлердің айтуынша, бүгінгі таңда ондағы 156 баспана кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындардың күшімен қайта қалпына келтірілген. Ал Түркістан қаласындағы Қарашық ауылдық округінде көлемі 500 шаршы метр болатын 1 мектеп пен ауқымы 964 шаршы метрді құрайтын «Ататүрік» атындағы білім ордасының шатыры ұшқан. Аталған білім ордаларына келген шығын 12 млн 271 мың теңгені құрады.

Түркістан қаласы мен Отырар ауданы әкімдерінің шешімі негізінде қос өңірде жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл тосын жағдайдан келген шығынды заң аясында төлеуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда үзілген электр желілері қайта қалпына келтіріліп, электр қуаты толығымен берілді. Сондай-ақ, қос ауданда дауылдың салдарынан болған залалды жоюмен айналысатын арнайы топтар мен еріктілер тобы құрылды.

Еске салайық, 14 маусым күні түнде болған күшті желдің салдарынан Отырар ауданы мен Түркістан қаласында жүздеген нысанның шатыры ұшып, ғимараттарға зиян келген болатын. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, аудандардағы жағдай облыс әкімінің жіті бақылауында.