Оңтүстіктегі құрылыс комбинатының өнімдеріне тапсырыс көп

396

Сапалы құрылыс материалдары өзімізде өндіріледі. Осыдан үш жыл бұрын Шымкентте темір-бетон өнімдерін шығаратын индустриалды құрылыс комбинаты іске қосылған болатын. «Өнімділік- 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба жүзге жуық тұрғынды жұмыспен қамтып, жергілікті құрылыс саласына қарқын сыйлап үлгерді.

Бұл күнде облыс орталығында салынып жатқан көп қабатты үйдің басым бөлігі осы бетондармен тұрғызылуда. Сапасымен өзгелерді оза шапқан комбинат таяуда тағы бір цехын ашып, қауқарын кеңейтті.

Бір қарағанда қарапайым көрінетін комбинатта жүзге жуық маман қызмет етеді. Соңғы уақытта өндіріс орны жаңартылып, заманауи технологиялар алған. Жаңа қондырғы өнім сапасын арттырып, өнімділікті 2 есе ұлғайтқан. Әрі энергия шығынын да едеуір төмендетіпті. Әр құрылғыны білікті техник мамандар басқарады.

Ерлан Сыздықов, техник: «Ең соңғы келген аппаратты басқарамын. Жылдам әрі стандартқа сай өнім шығарады. Бұрынғыдай адам күшін көп қажет етпейді. Жұмыс уақытымыз да азайды. Жалақымыз тұрақты. Біліктілігімізді арттырып тұрамыз. Өйткені құрылыс саласы күннен-күнге дамып келеді».

Комбинат өнімдері Оңтүстік Қазақстан облысындағы өнеркәсіптік құрылыста молынан қолданылады. Сондай-ақ, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы шеңберіндегі үй құрылыстарында да кеңінен пайдаланылуда. Плита, қазық, ригель, арқалық, баспалдақ және құрылыс саласындағы басқа да бұйымдары жоғары сұранысқа ие.

Ержан Ақбердиев, «Оңтүстік құрылысы сервис» ЖШС өкілі: «Сапасы өте жақсы. Сұраныс өте көп. Жұмыс қарқын алған. Әсіресе, оңтүстікқазақстандықтар көптеп тапсырыс береді. Соңғы кезде тұрғын үй салуда көптеп қолданылып жатыр. Сұраныс артқан сайын жұмыс көлемі ұлғайып, шығын өтеліп жатыр».

Айта өтейік, жобаны «Қазақстанның даму банкі» АҚ еншілес компаниясы қаржыландырған. «Өнімділік-2020» бағдарламасының ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыру құралы аясында қосымша цехтарын жүргізіп, өнім түрін көбейткен. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті жаңа өндіріс орындарының қатарын арттырып отыр.