//
Жаңалықтар 

Сайрамның оқушылары жазда ағылшын тілін үйренуде

Жаз маусымынында мектеп оқушылары жаппай ағылшын тілін меңгеріп жатыр. Мұндай ақпарды Сайрам аудандық білім бөлімінің мамандары мәлімдеді.

Айтуларынша, аудандағы әр ауылда 2 жеті бұрын мектеп жанынан жұмысын бастаған лагерлер демалысты дұрыс пайдалану үшін жаңа жобаларды қолға алған. Онда ойын, спорттық шараларымен қатар шет тілін де тереңдетіп үйретеді. Бұл үшін тәжірибелі педагогтар жұмылдырылған.

Алтынай Төлегенова – Сайрам ауданына қарасты Максим Горький атындағы №5 мектептің 6-сынып оқушысы. Жеткіншек оқу жылы аяқталысымен күн сайын жазғы мектеп жанынан ашылған лагерге келеді. Демалып, оған қоса шетел тілін үйренетін мұндағы қосымша сабақтардан да қалған емес.

Алтынай Төлегенова, Максим Горький атындағы №5 мектептің оқушысы: “Күніне 2 сағатты ағылшын тілінен қосымша сабаққа арнаймын. Бұрын ағылшын тілінде жануарларды айтуға тілім келмейтін, қазір меңгердім”.

Лагерлерде шет тілінен бөлек сурет салу, сызу сияқты танымдық, сауат ашу, тілашар сабақтары бар. Шәкірттердің қалауы мен қызығушылығын ескерген педагогтар әрқайсысымен жекелей дәріс өтуге дағдыланыпты. Сондай-ақ, балалардың саулығын мектеп медбикесі сағат сайын тексеруге көшкен. Аудандық білім бөлімі мамандарының айтуынша, жазғы сауықтыру орнында оқушылардың уақытын дұрыс пайдалану, салауатты өмір салтын ұстануы үшін бар жағдай жасалып отыр.

Роза Сейітова , Сайрам аудандық білім бөлімінің әдіскері: “Туған өлкенің табиғатымен танысу экскурсиясы жүргізіледі. Және Ақсукентте орналасқан су қоймалары, бассейндерге барып тұру көзделген. Жас туристер станциясы мен саз мектептері де осы балалар үшін жұмыс жасайды”.

Бүгінде бір ғана Сайрам ауданында 60 мектептің жанынан арнайы лагерлер ашылған. Демалыс орны ретінде ыңғайластырылған орынға қазірдің өзінде 4000-ға жуық шәкірт келіп жүр. Айта өтетін ақпар, таңғы 09:00-ден түскі сағат 15-ке дейін қызмет ететін лагердің жұмыс жасауы үшін мемлекеттен қаржы қаралмаған, сондықтан теңге ата-аналар тарапынан төленеді – күніне түстігі үшін 180 теңге.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz