//
Жаңалықтар 

Созақ ауданындағы шипалы көл суға толды

Созақ ауданындағы шипалы көл өздігінен суға толды. Сонау тоқсаныншы жылдардан бері үздіксіз тартылып келген Қызылкөлді қалпына келтіру үшін осыған дейін гидролог ғалымдар жұмылдырылған болатын. Енді бұл мәселе созақтықтар үшін артта қалды. Биылғы жауын шашынның жиі болуынан көлдің 70-80 пайызы суға толды.

Көнекөз қариялардың айтуынша, 25 жылдан бері белгісіз себептермен жиі тартылып келген көл биыл қайта кемеліне келді. Жергілікті тұрғындарды айтпағанда атағы дардай геолог ғалымдардың басын ауыртқан Қызылкөлдің толуына биылғы жауын шашын әсерін тигізген. 113 млн текше метр тұзды көлдің суы тері аурулары мен аяқ қол қақсағанда, тыныс алу жолдары ауруларын ем деседі.

Қызылкөл аулының байырғы тұрғыны Жұманәлі Есентайұлы Қызылкөлдің кешегісін таңды таңға ұрып айтуға әзір. Талай естеліктерге куә қарияның сөзінше, ертеректе шипалы суға сонау шетелдерден адамдар келіп демалатын. Тіпті шомылуға келгендерге баспана жетпей жататын дейді ол.

Мына қалбиған қайықтың қаңқасы да өткеннен сыр шертіп тұрғандай. Ал қаз қатар орналасқан баспаналарды кезінде келушілер тұрғызыпты. Қараусыз қалған ғимараттар қазір қирап, құлауға шақ.  Жастық шақтарының керемет сәттерін осында өткізген алдыңғы буын ағалар кешкісін мұнда жастар қаптап би кеші өтетін еді деп еске алысады.

Алайда талай жылдан бері тартылып қалған көл аумағында әзірге келушілер үшін жағдай жасалмаған. Жергілікті билік өкілдері кемеліне келген көлдің жаңалығынан құлағдар болған кәсіпкерлер бұл маңайды демалыс аймағына айналдыру үшін түрлі жобалар ұсынып әлек дейді. Алайда, алдымен нақты іске кірісу үшін тиісті құжаттарды құнттап алу қажет болып отыр.

Мамандардың пікірінше, Қызылкөлді түгел толтыру үшін қолдан жасалған арнаға ғана үміт артып қарап отыруға болмайды. Оның үстіне, көлге жетпей құрғап қалатын ұсақ өзендердің де мәселесін шешу қажет. Алайда, Баба-Ата арнасы пайда болғаннан кейін, экологтардардың да көлдің болашағына сенімі зор.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz