//
Жаңалықтар 

Халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедектердің әлеуметтік жағдайын қадағалауда

Шымкентте мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жәрмеңке өтті. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы басшылығының айтуынша, жәрмеңкеге 600-ге тарта кәсіпорын қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынған. Ал аталған жәрмеңкеден тиісті мамандағына сай жұмыс таппаған жарымжан жандарға жаңа бағдарламалардың мүмкіндігі түсіндірілді.

13466247_1752318348347858_7936544265020223106_n

Мейіржан Құттыбай
Мейіржан Құттыбай

Мейіржан Құттыбайдың жасы – 22-де. Туғанынан жүйке жүйесінің қатерлі дертімен ауырады. ІІ топ мүгедегі. 3 жыл бұрын компьютер операторы мамандығы бойынша арнаулы оқу орнын тәмамдаған жігіттің айтуынша, бұған дейін жұмыс сұрап талай есікті қаққан. Бірақ нәтиже жоқ. Ендігі үмітін жәрмеңкеге артып отыр.

– Қазір бір емес, бірнеше кәсіпорынға түйіндемемді тастап кеттім. Білім, денсаулық сақтау салаларында жұмыс жасағым келіп, ол мекемелерге де құжаттарымды тапсырдым. Енді жауап күтемін. Болашақта өз мамандығым бойынша жұмыс жасап, жалақы алғым келеді, – дейді Мейіржан Құттыбай.

Орталық саябақта өткен игі шараға таңсәріден жұмыс сұрап жүгінген жарымжан жандардың қарасы қалың болды. Басым бөлігі – ІІ және ІІІ топтың мүгедектері. Олар үшін қала аумағына қарасты 546 кәсіпорын 3500 бос жұмыс орнын ұсынды.

Гауһар Жалбурова, жеке кәсіпкер: “Өзімнің жеке кәсіпорным бар, онда тігін цехы ретінде киімдер тігеміз. Құдай қаласа, алда үлкен мақсаттар бар, оған жету үшін маған білікті мамандар қажет. Бүгінгі жәрмеңкеде 5-6 қызметкер тауып, жұмысқа қабылдадым. Ол кісілер мүгедек болғанымен, киім үтіктеу, тігіс тігу сияқты шаруаларға жұмылдырылады”.

Жәрмеңкеде тиісті мамандағына сай жұмыс таппаған немесе әзірге кәсіпорындарға тек түйіндемесін тастаған жарымжан жандарға жаңа мемлекеттік бағдарлама таныстырылды. Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы басшылығының айтуынша, мүгедек жандар кәсіпкерлік саласын да меңгере алады. Бұл үшін бар жағдай жасалып отыр.

Асылжан Жамалбеков
Асылжан Жамалбеков

Асылжан Жамалбеков, Шымкент қалалық “Халықты жұмыспен қамту орталығы” КММ директоры: “Шағын несие деген бар, ол Шымкент қаласында 2016 жылдан бері алғаш рет қолданысқа енгізілмек. Яғни, бастауыш кәсіпкер 3 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Мүгедек жандар да мүмкіндікті қалт жібермеуі тиіс, қажетті қаржыны несиеге алып, кәсібін бастауына болады. Менің ойымша, осылай жеке кәсібін бастаған жандар еңбеккер ретінде де мүгедектерді қабылдайды. Осылайша, жұмыссыздық мәселесі жойыла береді. Сондықтан, қазіргі кезде біз осы мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктерін көптеп жарнамалап жатырмыз”.

Айта өтетін ақпар, халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары жәрмеңке арқылы жұмыс тапқан жандарды өз қадағалауына алады. Олардың уақытылы жалақымен қамтылуына дейін назардан тыс қалдырмайды. Ал жұмыс таппағандарын қайта оқытуға дайын.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz