Жауаптылар: «Нанның қымбаттауына арзан ұнның таусылуы себеп»

369

нанШымкентте нан бағасы қымбаттады. Бұған дейін 40 теңгеден сатылып келген әлеуметтік бөлкелер бүгіннен бастап 50 теңгеден сатылуда. Шенеуніктер мұны тұрақтандыру қорында арзан ұнның жоғымен байланыстырады.

Бағасы бірден он теңгеге шарықтап кеткен нанды алу әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына ауыр тиюде. Бұл баға қарапайым халық үшін күтпеген жағдай болғанымен, сатушыларға наубайханашылар күні бұрын ескертіп қойған екен. Гүлбала Қалыбаева әлеуметтік бөлкелердің қазір нан пісіру орындарынан 45-46 теңгеден босталып жатқанын айтады.

Жергілікті билік өкілдері бұл жағдайды тұрақтандыру қорындағы арзандатылған ұнның жоғымен байланыстырады. Шенеуніктердің айтуынша, нан бағасын қымбаттатпау мақсатында бөлінетін субсидия былтыр тоқтатылған. Айта кетейік,өңірде ас атасының нарқын қалыпты ұстап тұру үшін жыл сайын 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлініп келген. Қазір бұл қаржы да, төмен баға да берілетін ұн да жоқ.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, жағдайы төмен азаматтар әлеуметтік бөлкелерді сатып алушылардың небәрі 3 пайызын құрап отыр. Сондықтан нан нарқын қымбаттатпау мақсатында мемлекет тарапынан арнайы қаражат бөлгеннен гөрі тұрмысы төмен азаматтарға тікелей көмек қолын созу тиімдірек көрінеді.

Алайда, шенеуніктер бұл қолдаудың қалай көрсетілетінін нақты білмейді. Бір анығы, нан бағасының бірден 10 теңгеге шарықтауы онсыз да қымбатшылық құрсауынан құтыла алмай жүрген көпшіліктің қынжылысын туғызды.

Басты тауар құнының өсуі сатушыларға да қолайлы емес. Себебі, нан қымбаттағалы сатып алушылардың қатары да азайып барады дейді олар. Осыған дейін жаз маусымында ас атасына екі есе тапсырыс беретін дүкен иелері қазір сауда жоқ деп қол қусырып отыр.