Қадір түнінің сыйы

548
Қадір түнінің сыйы

1 шілде – Рамазан айының 26-сынан 27-іне қараған түні, яғни, Қадір түні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы барша мұсылмандарды Қадір түнін сауапты амалмен өткізуге шақырды. Мың түннен қадірлі түнді қалай қарсы алған дұрыс?

Қадір түнінің сыйы

Қадір түні – Рамазан айының ішіндегі қадірлі түн. Бріақ, нақты қай түні екені белгісіз. Ислам ғұламаларының мәліметі бойынша, қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінде жасырылған. Қасиетімен зор мағынаға ие түнде алғаш рет Құран сүрелері жерге түсірілген. Сондықтан, мейілінше дұға етіп, құлшылықпен өткізген абзал.

Мұхамеджан Естеміров, облыстың наиб имамы: «Қадір түні Рамазан айының соңғы он күніндегі тақ санында, яғни, 21, 23, 25,27, 29-ы күнінде деп айтылады. Міне, осы күндерден іздеуіміз керек. Яғни әр нәрсені жасырған. Мысалы, бір адамға сыйлықты мә деп бере салғаннан гөрі оның ішінде не бар деп сұраған ерекше әсер қалдырады. Сол секілді Аллаһ тағала бұл түннің көптеген сыйларын жасырған. Оның сыйы жәннат делінген.»

Қасиетті түнде жасалынған бір құлшылығымыз 83 жыл жасалынған мінәжәттың сауабына татиды. Сондай-ақ, бұл кезде түнімен ұйықтамай дұға ету міндет емес дейді имамдар. Әркім өз шамасына қарай ниет етеді. Ал, бұл түнді қарсы алуда көпшіліктің пікірі әртүрлі.

Бұл түннің “Қадір түні” деп аталуының екі мәні бар: Біріншісі – адамдардың келесі жылғы өмірі мен өлімі, ризық-несібесі, тағдыры белгіленетін түн. Екіншісі – Қадірлі, қасиетті, ұлық түн. Мың айдан артық бұл түн – өзге түндерден қадірі асқақ, олардан ұлық, берекесі мол. Сол себепті де «Қадір-қасиеті мол түн» деген атауға ие болған.

Қасиетті Қадір түні қарсаңында Шымкенттегі Сіргелі баба мешітінде әдеттегідей Құран оқу жарысы өтті. Сайысқа қаламыздың барлық мешіттерінде діни дәріс алып жүрген, мектеп жасындағы 50-ден астам шәкірт қатысты. Киелі кітап сүрелерін жатқа айту сауапты амалдардан екені бесенеден белгілі. Сондықтан болар, жас өрендер Құран жаттауды әдетке айналдырған. Айта кетейік, облыста 256 сауат ашу курсы жұмыс істейді. Оған қатысып, дәріс алу тегін.