Балықты ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды

834
Балықты ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды

Аптап ыстық дала өртін өршітеді. Осындай оқыс оқиғаның алдын алу үшін Түлкібас ауданы Балықты ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Ондағы құрам 5 ауылдық елдімекендегі дала, орман өртімен күресуге жұмылдырылады. Сондай-ақ, нысан қызметкерлері мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне де көмекке шығады.

Балықты ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды

Бұл бекет ескі депоның ғимаратына жайғасты. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұнда өртке қарсы күрес бөлімі болған. Кейін нысан жекенің қолына өтіпті. Араға жылдар салып, қазір мұнда қайтадан өрт сөндіру қызметі жасақталды. Үш ауысымда жұмыс істейтін 9 адам енді өрт сөндіру қызметінің мамандарына қолғабыс жасап, аудандағы дала, орман өрттерімен күресетін болады.

Арнайы бригада Састөбе, Балықты, Келтемашат, Арыс және Машат ауылдарындағы жайсыз жағдайларға жұмылдырылады. Жергілікті тұрғындардан құралған бұл құрамның арнайы кәсіби дайындығы жоқ. Дегенмен, төтенше жағдай мамандары арнайы құрамның жас әріптестерімен тәжірибе алмасатынына сендіріп отыр.

Оқыс оқиғалар кезінде бригадаға еріктілер мен жергілікті тұрғындар да көмек қолын соза алады. Төтенше жағдай мамандары бұл құрамның жұмысы әлі бастан асады деп отыр. Былтырдың өзінде бұл аумақта 15 дала өрті, 1 орман өрті, сондай-ақ, астық алқаптарында 4 келеңсіз жағдай тіркелген.

Мақпал Рысбаева