ОҚО диқандары 600 мың тонна өнім жинады

646
ОҚО диқандары 600 мың тонна өнім жинады

Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының жиын-терімі басталды. Бүгінде облыста көкөніс, картоп, бақша дақылдары жиналуда. Қазіргі таңда диқандар 350 мың тонна көкөніс, 120 мың тонна картоп, 240 мың тонна бақша өнімдерін жинады. Олар өздерінің өнімдерімен еліміздің барлық өңірлерін қамтып, артық өнімдерді Ресей мемлекеті мен солтүстік облыстарға жөнелтуде.

ОҚО диқандары 600 мың тонна өнім жинады

Аграрлы аймақта биыл көкөніс пен картоп дақылдары жалпы 52,3 мың гектарға, ал бақша өнімі 59,1 мың гектар жерге егілген. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 890 мың тонна көкөніс, 1,4 млн тонна бақша, 256 мың тонна картоп жиналады деп күтілуде. Облыстан экспортқа негізінен картоп, көкөніс, бақша, бидай, ұн, балық және балық өнімдері, өсімдік майы, құс еті және мақта талшықтары шығарылады.

ОҚО диқандары 600 мың тонна өнім жинады

Ал осы арада Мақтаарал диқандары ала жаздай еңбегінің жемісін көре бастады. Әсіресе, ондағы қауын мен қарбыз еккен ағайын өнімдерін қыр асырып, Қазақстанның барлық өңірлерімен қатар Ресей мен Белорусь нарығына да шығарып үлгерді. Осы күнге дейін 56 мың тонна қарбыз, 17,5 мың тонна қауын сатылымға шығарылған.

ОҚО диқандары 600 мың тонна өнім жинады

Диқандардың айтуынша, Реседе қауынға деген сұраныстың әсерінен өткен жылмен салыстырғанда баға тұрақты, көңіл көншітерлік. Жеке кәсіпкерлер жергілікті қауын мен қарбызды қабылдайтын нүктелерде қауынның 1 келісін 100 теңгеден, ал қарбызды 25 теңгеден сатып алуда. Әсіресе қауынның түрлі сұрыптарының ішінде диқандар арасында «Валет» атымен аталып кеткен түрі ерекше қауын сұранысқа ие көрінеді.

Қазақстан нарығы мен шетелдің базар сөрелеріне шыққан ауыл шаруашылығы өнімдері бұл ғана емес. Жеміс-жидек пісіп, өнімін бере бастағалы мақтааралдық шаруалар 75 тонна қырыққабат, 500 тонна пияз, 93 тонна сәбіз, 235 тонна асханалық қызылша, 182 тонна болгар бұрышы, 2 мың тонна қызанақ пен 1700 тоннадан астам қияр шығарып, саудалады.

Қосымша ақпар. Бүгінде аудандағы егістік алқапта 277 га жерде бидай, 20 га арпа, 3416 га-да жаңа жоңышқа, 83481 га жерде мақта, 5538 га-да түрлі көкөністер, 23616 га жерде бақша, 753 га жерде картоп, 10359 га жерде дәндік жүгері, 487 га жерде күнбағыс, 2095 га-да күріш, 158 га жерде сүрлемдік жүгері, 140 га жерде маш, 32 га жерде фасоль, 8 га жерде соя, 28,6 га жерде жаңа жеміс-жидек, 58,6 га жерде жаңа жүзім егіліп, өсіп тұры.