Оңтүстіктің жастары Музарт әншілерінің шәкірті болудан үмітті

Еліміздегі кез келген жас талант Музарт әншілерінің шәкірті болуды армандайды. Ол үшін талапкерлердің біреуі жұмысын тастап, енді бірі өзге қаладан көшіп келген. Оңтүстікте 300-ге жуық жастың ішінен суырылып шыққан талант иелері енді осы мүмкіндікті жібермейміз деп отыр. Алматы қаласында шілде айында өтетін «МұзАрт Live» жобасының түсіріліміне аттануға да дайын.

Алғашқы іріктеуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 12 мыңға жуық үміткер қатысып, онлайн байқауда бағын сынаған. Одан өткен 1042 жастың электронды поштасына арнайы шақырту жіберілген. Ал екінші кезеңде «Музарт» тобының мүшелері еліміздің әр облысына арнайы барып, талантты балаларды өздері іріктеп алған болатын.

Ия, өнерге әркімнің ақ бар таласы. Мейрамбек пен Сәкеннің, Кенжеғалидың ізін басып, өнер айдынына аяқ басудан үмітті жастар облысымызда да көп екен. Таласты тартысқа қатысқан 300-ге жуық үміткердің ішінен ағалары тек 8-ін ғана таңдап алды. Енді жүзден жүйрік шыққандарды таныстырып өтсек.

Алғашқылардың бірі болып, Бағдат Сейітбековтың жолы болды. Бірнеше жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерген жас «Арай» облыстық ән байқауында да бас жүлдені жеңіп алған болатын. Қаламыздағы саз колледжінің түлегі енді тағы бір белесті бағындырсам дейді. Ал «Мұзарт Live» жобасы оның арманың жүзеге асыруға мүмкіндік болмақ.

Бағдат Сейітбеков, жобаның қатысушысы: «Музарт» тобының әндерін біз бала кезімізден сүйіп тыңдап өстік. Кей жарыстарда арамызда орындап жүргендер де көп. Енді сол бала арманымызды жүзеге асырсақ дейміз. Ол үшін барымызды саламыз. Барлығымыз болмаса да ішіміздегі біреуіміз сол жобада жеңіске жетсе, сол да біз үшін қуаныш.»

Ал облыстық филормонияда еңбек ететін Азамат Қабылбаевқа бұл жолы таңдау жасау керек болды. Тұрақты жұмыс немесе тартысты дода, үлкен сахнаға шығу. Ол үшін де ерінбей еңбек ету мен тер төгу керек. Алайда Азаматтың алға қойған мақсаты біреу – үлкен сахнаны бағындыру. Сондықтан мақсатына жету үшін кез келген кедергіден өтуге дайын.

Келесі үміткер Әлжан Нұрлыбек – Оңтүстікке танымал жас әнші. Бірнеше бейнебаяны жарыққы шығып та үлгерген. Үнемі ізденіс үстінде жүретін өнер иесі енді жастың да, жасамыстың да сүйікті әншілеріне арналған музарттықтардан тәлім алуды армандайды.

Әлжан Нұрлыбек дайындық үстінде
Әлжан Нұрлыбек дайындық үстінде
Мұхаммед Құрбанәлі-
Мұхаммед Құрбанәлі. Студент. Үміткерлердің ішіндегі ең жасы. 18-де. Облыстық саз колледжінің вокал сыныбында білім алады. Үйренгенінен үйренері көп талант жас та додалы тартысқа түсіп, Мейрамбек пен Сәкен, Кенжебек ағаларының шәкірті болуға лайықты екенін дәлелдемек

Ал Біржан – Ақтөбенің тумасы. Осында қызмет бабымен келген. Алайда Шымкент қаласынан қатысқан 300 жастың ішінде болып, іріктеуден сүрінбей өткен. Бала кезгі сүйікті әншілерімен бірге жұмыс жасау – оның бүгінгі арманы.

Қазақстан бойынша үшінші кезеңге жолдама алған 60 үміткер «Музарт» тобынан бөлек, енді білікті мамандармен бірге жұмыс істейді. Ал түсірілім шілде айында басталды. Тележоба алдағы уақытта көрермендерге ұлттық арна эфирінен жол тартады.