//
Жаңалықтар 

Шымкентте қант қымбаттады

Шымкентте қант бағасы қымбаттады. Мұны маусымдық құбылысқа теңеген жауаптылар бағаның 7 пайызға өскенін растап отыр. Бүгінгі таңда базар сөрелерінде құмшекердің бір келесі 260 теңгеден сатылуда. Бұл – өткен аймен салыстырғанда 5-10 теңгеге қымбат.

 

Клара Алпысбаева, сатушы: “Шекерге сұраныс басым. Бағасы қымбат болса да тосап жапқысы келген тұрғындар алып жатыр. Ал бағасы апта сайын өсуде. Біз қымбаттатпаймыз, біз де көтерме сауда орындарынан сатып аламыз. Былтыр 180 теңгеден алып, 200 теңгеден сататын едік. Ал биыл 247 теңгеден аламыз да, 260 теңгеден сатамыз.”

Тұрғындардың айтуынша, аталмыш өнімнің апта сайын бағасы көтеріледі. Қантқа деген сұраныс артатын дәл осы кезеңде бағаның құбылуы қараша халықтың қалтасына ауыр тигенін де айтады. Қазір көтерме саудада 25 келілік құмшекердің бір қабы 6 200 теңгеге сатылуда. Бұл баға, әсіресе, көп балалы отбасыларға ауыр тиген. Бірақ, қанттың қымбаттағанын қалалықтар уақытша құбылыс деп түсінеді.

Айта өтейік, қант орталықтарында шекердің келісі 245 теңгеден босатылады. Ел даурығатындай тапшылық та жоқ. Өйткені орталық қоймалары құмшекерге лық толы. Мұндағы өнім Тараздағы қант өндіру зауытынан жеткізіледі. Тасымалдаушылар қант бағасының қаңтардан бері көтерілмей, тұрақты тұрғанын айтады.

Асхат Карабалин, қант жеткізуші: “Баға бірқалыпты. Даурығатындай дәнеңе жоқ. Біз келісін 245 теңгеден сатып жатырмыз. Қоймамыз лық толы, тапшылық жоқ.”

Қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімі күн сайын мониторинг жасап отыр. Нәтижесінде қант бағасының құны өткен аймен салыстырғанда 7 пайызға көтерілгенін айтады. Әсіресе, алыпсатарлар бағаны тым шырқтатып жіберетінін де біліп отыр. Бірақ, ешкімге тұсау сала алмайтындарын алға тартады.

Қайрат Базарбеков, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі: “Ия, рас, қант бағасы 7 пайызға өскен. Дүкендердегі қант бағасы соңғы күндері өсіп шыға келді. Өңірге қант жеткізшулер бағаның шарықтағанын ешнәрсемен түсіндіре алмай отыр. Бірақ, өздерінде босату құны тұрақты”.

Дегенмен, тосап қайнататын мерзімде көнбеске амалдары таусылған тұрғындар бұл бағаға да көндігеді. Маусымдық жеміс-жидекті жауып алуға тырысып, қанттың барына қанағат етуде.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz