//
Замана көшесі Жаңалықтар 

Қарабастаудағы Замана көшесі қашан жөнделеді

Шымкентте жол салынбаған тұрғын үй алаптары әлі баршылық. Жауын-шашын жауа қалса, үлкендердің жұмысқа, балалардың мектепке баруы мұң. Ал ауырсақ, үйімізге жедел жәрдем де келмейді деп налиды жерлестеріміз.

Ал қала әкімдігінің мамандары құрылыстың әлі басталмайтынын айтады. Қарабастау елдімекеніне қарасты Замана көшесінің тұрғындарының жүйкесін жұқартқан – осы жолдың жәйі. Жаздыгүні шаң жұтып, көктем мен күздегі жауын-шашында батпаққа батамыз. Ал лайға батқан мектеп оқушыларын қоғамдық көліктер мінгізбей тастап кетеді деп, тұрғындар зар илеп отыр.

1111
Сағынбек Ноғаев, Қарабастау тұрғын алабы, Замана көшесінің тұрғыны: “Жыл сайын әкім келіп, қатырамыз дейді. Міне, төрт жыл болды – “Көктем шықса жөндейміз” деп уәде бергеніне. Жылда өзіміздің күшімізбен жөндейміз, амалдап қыстан шығамыз. Бірнеше рет жер лай-батпақ болып жатқанда шақырғанбыз әкімді, жағдайымызды көріп тұрып бір нәтиже шығарар емес.”

Осы уәжін тұрғындар жергілікті әкімдіктің жауапты мамандарына айтып келе жатқанына 4 жыл болыпты. 2007 жылы қала аумағына енген тұрғын үй алабына жөл төсегендер дәл осы көшені айналып өтіпті. Сол уақытта шенеуніктер жолды салып беруге уәде еткен. Алайда, нәтиже жоқ дейді.

Бағила Тәңірбергенова, Қарабастау тұрғын алабы, Замана көшесінің тұрғыны: “Биылғы ақпан айында Еңбекші аудан әкімінің орынбасары келіп, “Қыркүйекке дейін жол салдырып беремін” деп, уәде беріп кеткен еді. Міне, содан кейін әкімнің өзін де, оның орынбасарын да көрген жоқпыз. Ал ақшаның бәрі “Нұрсәтке кетті” деп келеді.

Қала әкімдігінің жауапты бөлім басшылары мәселенің жақын арада шешілмейтінін бірден айтты. Бұл көшенің, тіпті, жобалық-сметалық құжаты да әзірленбеген. 2020 жылға дейін аяқталуы тиіс тірлік кезегімен іске асады деп отыр.

Абай Тұрханов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімінің сектор меңгерушісі: “Қазір Замана көшесіне жобалық -сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Биыл ол дайын болса, мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Егер оң қорытынды берсе, 2017-2018 жылдың бюджеттеріне ұсыныс енгіземіз.

Сөйтіп, қарабастаулықтар лай мен шаңнан әзірге көз аша алмайтын түрі бар. Ал өздері жолды салғызбай қоймаймыз деп белсеніп отыр.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz