//
астық ору Жаңалықтар 

Облыста астық ору науқаны аяқталып келеді

суретОблыста астық ору науқаны аяқталып келеді. Екі ай бойы алқапта аянбай тер төккен шаруалар шамамен 10 күн ішінде бидайды қамбаға жинап бітеміз деп отыр.

Алайда, жұмыс қызған шақта жанар-жағармай қымбаттап, дихандарды әбден тығырыққа тіреген. Мемлекеттен кеш бөлінген минералдық тыңайтқыштар да жер емген ағайынның қолын байлапты.

Комбайншы Жасұлан Молдашевтың жұмысы қазір қыз-қыз қайнап жатыр. Қатарынан екі жыл орақ науқанына атсалысқан маман күніне 13-14 гектарды еңсереді. Ай сайын 250 мың теңге жалақы алады.

Дихандар науқанның бел ортасына келгенде жанар-жағармай бағасы шарықтап, шаруаны шатқаяқтатып қойды дейді. Маусым басталарда арзандатылған дизельді отынды 87 теңгеден сатып алған. Кейін жеке кәсіпкерлерден 125 теңгеден алып, шығынға баттық дейді. Есесіне бидай бағасы күн санап төмендеп келеді. Шаруалар әу баста келісін 45 теңгеден өткізсе қазір 35 теңгеге әрең сатып жатқандарын айтады.

Ал шаруа қожалығының бас агрономы Мейірбек Керімов биыл минералды тыңайтқыштар да екі айға кешіктірілді дейді. Айтуынша, дәрілік заттар уақтылы берілмегендіктен, өнімнің түсімі де аз. Абырой болғанда, күн райы қарасқан. Жер дер кезінде тыңайтылғанда әр гектардан 30 центнерден өнім алуға болар еді дейді маман.

Ал жауаптылар бұл түйткілді үкімет қаулысының кеш шыққанымен байланыстырып отыр. Соның салдарынан ауданға қажетті 2000 тоннаға жуық тыңайтқыш шаруаларға дер кезінде үлестірілмей қалған. Ал ауданға осыған дейін бөлінген жанар-жағармай бүгінде таратылып біткен. Баға қымбаттағандықтан, дизельді отынның келесі бөлігінің бағасын мамандар дөп басып айта алмайды.

Салаға жауаптылардың сөзіне қарағанда, жазғы астық ору науқаны облыста тамыз айының соңына дейін аяқталады. Қазір бұл жұмыс таулы аямақтарда қыза түскен. Айта кетейік, биыл Төле би ауданында 19 000 гектарға астық егілген. Оның 12 мың гектарына – бидай, қалғанына арпа дәні себіліпті. Биыл шаруалар әр гектардан 26 центнерден өнім жинаған.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz