Шардарада балық өсіру қайта жанданды

897
Шардарада балық өсіру қайта жанданды

Шардарада біраз жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған балық өсіру тәлімбағы биылдан қайта іске қосылды. Ауданда балық шаруашылығын дамыту мақсатында ашылған «Шардара балық питомнигі» ЖШС мамандары таяуда Шардара су қоймасына шабақтар жібере бастады. Мұнда бүгінде жалпы аумағы 68,2 гектарды құрайтын тоған іске қосылып, 15,7 млн дана балық балаңқұрты өсірілуде.

Шардарада балық өсіру қайта жанданды

Бұдан бөлек аудандағы «Тұран» шаруа қожалығында арнайы балық өсіретін орны салынуда. Сонымен бірге ауданнан жеке кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен пилоттық жоба ретінде Шардара су қоймасы аумағынан балықты торлы шарбақта өсіру шаруашылығы да қолға алынбақ. 2014 жылы осынау торлы шарбақта сынақ ретінде 15 тонна балық өсірілсе, былтыр 300 тонна шабақ өсірілді. Су қоймасындағы торлы шарбақта келешекте 3000-4000 тонна көлемінде балық өндіру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда Шардара ауданында екі балық өңдеу зауыты жұмыс істеп келеді. Соның бірі – жылына 2500 тонна балық өңдеумен айналысатын «Хамит» СТК балық өңдеу зауыты. Аталмыш кәсіпорын базасында филе, кептірілген, тұздалған балықты өңдеу және дайындау, қалдықсыз өндірісті қолға алу мақсатында балық сүйегінен ұнтақталған жем дайындау цехтары жұмыс жасауда.

Жылына 1000 тонна мұздатылған және ысталған балық, филе өнімдерін шығаратын «Шардара – Балық-1» балық өңдеу зауытында 70 адам жұмыс жасайды. Мұнан бөлек жыл соңына дейін Шардарада тағы да жаңадан екі балық зауыты іске қосылмақ.

«Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында салынып жатқан жеке кәсіпкер «Жалғасбаев Т» және «Саодат» ЖШС жылына әрқайсысы 600 тонна балық өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.