Шымкентке дельфиндер шоуы келді

Делфиннің ән салып, мың бұрала билегенін өз көзіңізбен көрдіңіз бе? Көрмесеңіз, керемет мүмкіндік – Шымкентте ресейлік дельфин шоуы басталды.

Шоудың басты кейіпкерлері- ақ кит пен қолға үйретілген екі дельфин. Келушілерді ақылымен қайран қалдырған сүтқоректілер түрлі акробатикалық тәсілдерді жасап, керек десеңіз, билеп те береді. Су жануарының мұндай биі мен тамаша ойындарын көру мүмкіндігі күн сайын туа бермесі анық.

Шымкентке келген дельфин шоуына тұрғындардың ықыласы да ерекше. Қошеметті сезінген болу керек, су жануарлары да еркелей жүзіп, көрермендерімен амандасып алды. Темірмен қоршалған бассейнде ойнақтаған қос дельфиннің ойыны ерекше. Көзін алмай тамашалаған балаларды айтпағанда ересектер де қуаныштарын жасыра алмады. Ал теңіз мысығы әуенге ілесе отырып, билеп берді.

Епті әрі тәжірибелі жаттықтырушылар дельфиндермен жұмыс жасаудың оңай екенін айтады. Бастысы – оларды түсіне білу керек. Өзара жақсы түсініскенде ғана сахнада жұп болып өнер көрсету соншалықты қызық әрі сәтті болмақ.


Артур Беляков, «Дельфин шоу» жобасының жетекшісі: «Шымкент қаласына көптен бері келгіміз келіп жүрген. Жолымыз түсті. Енді көрерменнің көңілінен шығу үшін барыншы тырысып бағамыз. Дайындығымыз жақсы. Дельфиндердің қызықты ойын көрсететініне сенімдіміз. Әлі алдағы бір ай бойы тамаша дельфин шоуын тамашалауға шақырамын».

Егер сіз дельфин ойындарын тамашалап, керемет шоудың куәгері атанғыңыз келсе, Қажымұқан атындағы орталық стадиондағы дельфинарияға келіңіз.