Шымкентте қайыршылармен күрес басталды

550
полиция

Қайыршылар құрықталды. Шымкентте алақан жайып, күн көруді әдетке айналдырғандарға шара көру мақсатында рейд ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары қоғам тынышын алғандарды айыппұлға тартты. Ал осындай жолмен нәпақа табуы үшін қалаға арнайы келген келімсектермен көші-қон полициясы айналысатын болады.

Шымкентте қайыршылармен күрес басталды

Полицейлердің құрығына әрең іліккен келіншектің бірі бірден қулыққа басты. Осы маңайда жұртшылықтан көмек сұрап анасының тұрғанын айтып, бөлімшеге бірге баратынын айтты. Алайда мұндайдан хабардар тәртіп сақшылары оны бірден көлікке отырғызды.

Өзін Жайран Сүлейменова деп таныстырған азаматша Төле би ауданының тұрғыны болып шықты. Осыған дейін кафеде ыдыс жуушы болып істедім деп сендірген ол қазір баласының денсаулығын алға тартып, қайыршылықпен күнелтуге бел байлағанын айтады.

Ал жұртшылыққа қол жайып, нәпақа табу үшін Өзбекстаннан келген Зарина Казакова тәртіп сақшыларының құрығына бірнеше рет іліксе де беті қайтпапты. Енді заңсыз жолмен табыс тауып жүрген бұл келіншек мерзімінен бұрын еліне қайтуы мүмкін. Қалада қаптап кеткен қайыршылар қоғамның тынышын алатыны өз алдына, кейде оғаш қылық көрсететіндері де жоқ емес.

Тәртіп сақшылары баламен қайыршылық жасап жүргендерге шара көруге заң қолбайлау болады дейді. Бұл кедергіні оңтайлы пайдаланатын пысықайлар көбіне бүлдіршіндерін ала шығады. Алайда ескертуді елемей, айыппұлдан да айылын жимайтындардың ісін енді сот қарайды.