//
көп балалы ана Жаңалықтар 

Шымкентте мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген үйде газ жоқ

“Қолжетімді тұрғын үй” мемлекетік бағдарламасы бойынша берілген үйде газ жоқ. Тоғыз қабатты жаңа үйде лифт те жұмыс істемейді. Нұрсәт шағынауданындағы былтыр пайдалануға берілген №32 үйде мұқтаж жандар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар осындай қиын-қыстау жағдайда өмір сүріп жатыр.

көп балалы ана

Көп балалы ана Жанар Әйтенова ас-ауқатын пісіруге электр пешін пайдаланады. Жарық сөніп қалса, күніміз мұң болады дейді. Көшіп келгендеріне 8 ай болған отбасы әлі көгілдір газды күтумен келеді.

Көп қабатты үйде лифт те істемейді. Нәрестемен жоғары көтерілу тіпті қиын дейді тұрғындар. Жас аналар мен науқас жандар үшін жоғары көтеріліп, төмен түсу бір азап.

Ал құрылыс бөлімінің мамандары жаңа баспанаға тұрғындар толық қоныстанбай, көгілдір отынды қосу қауіпті дейді. Өйткені тұрғыны жоқ пәтердегі газ қадағаланбай ашық қалуы мүмкін. Бұл уақытша қиындық деп сендірген мамандар ақау болса оны мердігер қалпына келтіріп береді дейді.

Бақытжан Егізбаев, қалалық құрылыс бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі: “Көбінесе осындай жаңа үйлерді пайдалануға берер кезде осындай қиындықтар кездесіп жатады. Бұған бірден-бір ұйымдастыру жұмысының жоғы себеп. Бұл жерде қоныстанушы адамдар да кешігіп келіп жатыр. Біреулері бар, кілтті алады да жүре береді. Соның кесірінен қосымша мәселелер туындап жатады. Лифт мәселесі бойынша тұрғындар толық қоныстанып, абоненттеу жұмыстары жүргізіледі. Сонда ғана ол іске қосылатын болады.”

Құзырлылар тұрғын үйдегі түйткілдерді көп ұзамай шешіп береміз деп уәде беруде. Ал көшіп келгендеріне жарты жылдан асса да жайлы жағдайға қол жеткізе алмай жүрген жергілікті халықтың сабыры сарқылып, төзімі таусылып отыр.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz