Шымкенттіктер жылуға 149 млн теңге қарыз

141
Жылу борышкерлері сот алдында жауап беруі мүмкін

Жылу борышкерлері сот алдында жауап беруі мүмкінЖылу берушілер алдағы маусымға дайындығын ширатқан. Шымкенттегі тозығы жеткен жылу жүйелерін жаңалап, құбырларын ауыстыруда. Ал «Қуатжылуорталық -3» мекемесінің қызметкерлері тұтынған жылуға ақы төлемегендермен жұмысын жалғастыруда.

Осы тұста айта кетерлік жайт, жылу берушілер тұрғындардан қарызын өндіре алмай отыр. Тиісінше, келесі жылу маусымына дайындық тұралап қалуы мүмкін.

Бүгінде көп қабатты үй тұрғындарының қарызы 149 млн теңгені құрайды. Берешегі көп азаматтардың ісі сот органдарына жолданған. Шешімге құлақ аспағандар қыста жылусыз қалуы әбден мүмкін. Себебі, жергілікті әкімдік шара көруге бел байлапты. Ал заңды тұлғалар берешектерінің 90 пайызын өтеп үлгерген.

Қарызды өтеу бойынша ұйымдастырылған рейдттер шаралар өз нәтижесін бере бастапты. Жылу берушілер Қаратау ауданы әкімдігінің жұмысын ерекше атап өтуде. Түсіндірудің нәтижесінде әкімшілік-іскерлік орталығы мен Нұрсәт-3 шағынауданының халқы 22 млн теңге қарызды өтеген. Мұндай жұмыс Еңбекші ауданында да жалғасуда.

Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Жылу бойынша қарыздарды төлету мақсатында ауданда мобильдік топтар құрылған. Олар берешегі бар әр тұтынушымен сөйлесіп, міндетті төлемдер бойынша есеп айырысуды талап етуде. Бұл бастама қарыз толық өтелгенше жалғасады.»

Жылу үшін мерзімінде төлеу бұл жылу жүйесіне сапалы қызмет көрсету мен үздіксіз жылу беруге кепілдік дейді коммуналдық сала қызметкерлері.