Тендердің кесірінен мыңнан астам бала өзге мектепті жағалайтын болды

Жөндеу жұмыстарын жүргізетін компания табылмай, мыңнан астам бала басқа мектептерде оқуға мәжбүр. Төле би ауданы, Ленгір қаласындағы №3 жалпы орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында басталмақ. Ала жаздай құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы бақылау комитеті кедергі келтірген көрінеді. Енді оқу жылының басталуына санаулы күн қалғанда, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуге бел байлаған. Соның салдарынан мың оқушы мен жүзге жуық педагог бір тоқсан бойы өзге мектепті жағалайтын болады.

школа

Пернебек Асанов, Төле би аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «Бір аптадан соң БАҚ арқылы тұрғындарға мектептің күрделі жөндеуден өтетіні жайлы хабар беретін боламыз. Жалпы, 1076 оқушы үш мектепке бөлініп оқитын болады. Бастауыш сыныптар мен даярлық топтары № 8 кәсіптік лицейге орналастырылады. Ал жоғары сынып оқушылары Ш.Уәлиханов атындағы мектепте оқитын болады. Сонымен қатар, 356 оқушыны арнайы көлік тасымалдайтын болады.»

Айта өтейік, Ленгір қаласындағы қазақ-орыс тілінде білім беретін мектеп 48 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Оның қайта жаңартылуына қыруар қаржы бөлінгенімен, құрылыс жұмыстары дер кезінде басталмаған. Білім бөлімінің мамандары тендердің кеш өтіп, мердігер компанияның анықталмағанына өздерін кінәлі санамайды.

Пернебек Асанов, Төле би аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы: «Бұл мектепке 103 млн теңге бөлінді. Жақын күндері күрделі жұмыстары жүргізілуі тиіс. Білім бөлімі – тапсырыс беруші, ал ұйымдастырушы – облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы. Байқауды өткізетін де солар. Тендердің жеңімпазы анықталып, егер құрылыс жұмыстары мерзімінен кешіккен жағдайда біз жауап беретін болар едік. Бүгінде құрылыс жүргізетін компания әлі күнге анықталған жоқ.»