//
Жаңалықтар 

Мектепте оқулық жетіспейді

Оқу жылы басталғанымен Оңтүстіктегі ахуал оңбай тұр. Өйткені әлі күнге оқушылардың қолына оқулық толықтай тимеген. Сондықтан бірқатар мектептерде сабақ өту өз деңгейінде емес. Перзенті кітаптан қағылған ата-аналар осылай деп шағымдануда.

 

Мектепте оқулықтардың үлестірілгеніне бір жеті өтсе де базардағы кітап саудасы қыза түскен. Таңсәріден ұзын-сонар кезек күтіп, ашуға булыққан ата-ана біздің түсірілім тобын көргенде наразылықтарын жасыра алмады.

Айнұр Шәукенова, ата-ана: “6 сыныпқа арналған барлық кітапты сатып алып жатырмын. Математика, қазақ тілі кітаптарын. Орыс тілі мен әдебиетін таппай жүрмін базарлардан, 3 күннен бері. Неге бұл мәселемен біз бас қатырамыз, кезінде сайлаған депутаттарымыз қайда кетті? Неге бізге қарасып, мәселені жеңілдетуге жауапкершілік танытпайды?”.

Самат Көлбаев 15 жылдан бері базарда кітап сатады. Сөзіне сенсек, күніне мұнда мыңдаған оқулық жеткізгенімен, тұтынушылар таласа кетеді екен. Көбіне “Атамұра” баспасының кітаптарына сұраныс басым.

Самат Көлбаев
Самат Көлбаев

Ал қалалық білім бөлімі басшылығының айтуынша, Шымкенттегі мектептерге оқулықтар 25 тамызға дейін толық таратылыпты. Биыл тек 1 және 8 сынып оқушыларында ғана кітап тапшылығы болмайды дейді.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: “4, 5, 6 және 11 сыныптың оқушылары үшін өткен жылы оқулықтарды толығымен сатып алғанбыз. Алайда биыл бізде оқушы санының 8000-ға артуына  және шәкірттердің оқулықтарды тоздырып, жоғалтуына байланысты 90 пайызын ғана кітаппен қамтып отырмыз. Ал 2, 3, 7, 9, 10 сынып оқушыларына бізде оқулық мүлдем аз. Себебі, біз оларды 2014 жылы алған болатынбыз, сондықтан біз бірінші кезекте кітаптармен әлеуметтік жағдайы төмен, жетім, жартылай жетім санатындағы балаларды қамтимыз.”

Бұл – толық отбасылар санатынан табылатын жанұялардың кітап үшін қалтасы әлі де қағылады деген сөз. Мамандардың мәліметінше, биыл енді оқулық қоры жаңармайды. Алдағы 2017 жылы ғана 2, 5 және 7 сынып оқушылары үшін салалық кітаптар жаңалананып, толықтырылмақ.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz