//
Полицейлер үй аралап, тексеріп жүр Жаңалықтар 

Полицейлер үй аралап, тексеріп жүр

Учаскелік инспекторлар тұрғындарды түгелдеп жатыр. Облыста “Учаске” іс-шарасы басталды. Көп қабатты үйлердегі әр пәтерді, аула мен жеке үйлерді аралаған тәртіп сақшылары онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат білуді көздейді. Тек есік қаққанда ашпайтындар қолды байлауда дейді. Тиісті мәлімет ала алмаған полицейлер тұрғындардан көмек сұрайды.

Полицейлер үй аралап, тексеріп жүр

Қоғамдық тәртіпті сақтап, түрлі қылмыстың алдын алу – учаскелік инспектордың міндеті. Өзіне қарасты аумақта кімдердің тұрып жатқанынан бастап отбасылық жағдайларына дейін жақсы білуі тиіс. Алайда, соңғы уақытта пәтер жалдап тұрушылардың саны артып, оларды қадағалау мұңға айналған. Осындай олқылықтарды ескерген тәртіп сақшылары үй-үйді аралап, тұрғындармен танысып жүр. Сондай-ақ, қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Қыркүйек айының басында бастау алған шара барлық аудан-қалаларда өтуде. Әсіресе, Нұрсәт шағынауданына жауаптылардың жұмысы қауырт. Мұнда 3000-ға жуық тұрғын бар. Олармен жеке-жеке танысып, тіркеуге алу үшін инспекторлар таңертеңнен міндетіне кіріседі. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздегендер әр тұрғынмен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдауда.

Полицейлер үй аралап, тексеріп жүр

Айта өтейік, тексеру басталғалы 5000-ға жуық пәтер мен жеке үй тексеріліп, 3 518 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде «мүлдем төзбеу» қағидасы бойынша 468 құқық бұзушылық анықталыпты. Сондай-ақ, 37 азамат есепке алынды. Іс шара жыл соңына дейін жалғасады.

Бейуақытта есігіңізді қағып, есепке аламын деген учаскелік инспектордың жұмысына түсіністік қарауға шақырған сала мамандары қоғам болып, қауіпсіздікті қамтуды көздейді. Ендеше, көршіңіздің кім екенін және аулаңызда заң бұзғандар тұрмайтынына сіз де көз жеткізіп, акцияға өз үлесіңізді қосыңыз.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz