Шымкентте белгілі суретші Қасымбек Нұрбекұлының көрмесі ашылды

«Қайталанбас белестер.» Облыстық бейнелеу өнері мұражайында ашылған көрме осылай аталады. Көрме авторы — сексеннің сеңгіріне шыққан өлкеміздің белгілі фотосуретшісі, кескіндемешісі, Қазақстан суретшілері және журналистері одағының мүшесі Қасымбек Нұрбекұлы. Ғұмырының мәні мен сәніне айналған экспозициясын Қасымбек Нұрбекұлы тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап отыр.

Шымкентте белгілі суретші Қасымбек Нұрбекұлының көрмесі ашылды

Көркемсурет галереясының залы бұл күндері табиғаты ерек күнгейдің таулары мен өзендері, тастары мен жоталары, дархан даланың төсі мен ондағы ешбір өлкеде қайталанбайтын тіршілік, қазақтың мінезін айқындайтын сайгүліктер қатысқан бәйгенің әдемі сәттері бейнеленген полотноларға толы. Картиналардың қатарын қас-қағым сәттерден тұратын фотолар да толықтырып тұр. Көрмеге жиналғандар бірден жанға жылу сыйлайтын туындыларды көруге асықты. Бұл суретші Қасымбек Нұрбекұлының 80 жылдық ғұмырының қайталанбас белестері еді.

Қасымбек Нұрбеков, Қазақстанның құрметі журналисті және суретшісі: «Өнер адамы болғаннан кейін, мейлі, ол жазушы болсын, ақын болсын, басқа да өнер адамдары болсын — тыныш отыра алмайды. Олардың өздерінің ой бар, жоспары бар дегендей. Ананы ертең жазып тастаймын, мынаны бүгін жазып тастаймын дегендей. Міне, сондай ой бізде де бар. Бірнәрсе ойыңа келгенде эскизін жасап қоямыз. Содан кейін қолың тигенде бастап жібересің де бірте-бірте аяқтап тастайсың.»

Көрменің салтанатты ашылуына суретшілер мен журналистер, автордың үзеңгілес жолдастары, ұл-қыздары, туыстары және ізбасарлары жиналды. Мерейтойын дүркіретіп той жасаудан көрі ғұмырдарияның мәніне айналған еңбегін елге көрсетіп, есеп беруді жөн санаған еңбек ардагерінің бұл идеясын құптап, қолдаған облыстық бейнелеу өнері мұражайы болды. Көрмені тамашалап, алған әсерімен бөліскен азаматтар тақырыптың әралуандылығын бірден байқады. Картиналар мен фотолардың әрбірінің өзіндік ерекшелігі басым.

Байдулла Қонысбек, Қазақстанның құрметті журналисі: «Қасекең — біздің Бәйдібек ауданынан шыққан тұңғыш суретші. Қасекеңнің қылқаламынан шыққан туындылар Қазақстанның түкпір-түкпірінде көрсетілген көрмелерге қойылған.»

Қасымбек Нұрбеков өткен ғасырдың 60-жылдарында республикалық «Лениншіл жас», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде фототілші болып еңбек етті. Соңғысында 30 жылдан астам қызмет атқарды. Ол суретші үшін ең қиын болып табылатын жұмыс пен шығармашылықты қатар алып жүрді. Қасымбек Нұрбекұлының қайталанбас белестерінен сыр шертетін еңбектерін жерлестеріміз қазан айының 20-сына дейін галереяға келіп көре алады.

Асқар Сәтпаев.

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz
Журналисттің авторлық бағанасы

Тұрмысы жұпыны, қылмысы аз Ащысай ауылы…

TweetЖер асты байлығымен әлем назарында тұрған Қазақ елінің қазыналы өлкесі көп. Солардың бірі — Кентау қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан Ащысай ауылы. Кезінде бүкіл одақты полиметалл кенімен қамтамасыз еткен ауылдың бүгінгі жағдайы мүшкіл. Ауыл азаматтарының басым бөлігі бас сауғалап, өзге өңірлерге көшіп кеткен. Ал елде қалғандары екі қолға бір күрек таппай жүр. Ауыл шаруашылығын дамытуға […]

ЖАҢАЛЫҚТАРДЫ ҚАРАП ЖҮР