//
Жаңалықтар 

Шымкентте мүгедек азамат мемлекеттік көмекке мұқтаж

Шымкенттік мүгедек тегін берілетін несеп қабылдағышын ала алмай отыр. Заң бойынша мұндай жандарға медициналық жабдық тегін берілуі тиіс. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жан мемлекеттен берілетін көмектің бәрінен қағылып жүр. Әділетсіздікке төзе алмаған жалғызбасты қария аштық жариялады. Айтуынша, зейнетақысы несеп қабылдағыш құралын сатып алудан артылмайды. Ол аздай, жауаптылар жүріп-тұруы қиын науқасты әбден әбігерге салған.

atam

65 жастағы Әбдусамат Бараисов тоғыз ай бұрын қуығына ота жасатқан. Операциядан кейін қарияның жағдайы күрт нашарлап кетіпті. Тіпті қара су ішуден де қалған. Зейнетақым мен мүгедектігіме берілетін жәрдемақы несеп қабылдағыш құралын сатып алудан артылмайды дейді. Ал мемлекеттен тегін берілуі тиіс құралға қол жеткізу мұңға айналған.

Қарияның мүшкіл жағдайынан сала басшылары да хабардар. Тіпті, мемлекет қазынасынан осы мақсатқа қыруар қаржы да бөлінген. Алайда, жауаптылар медицина құралдарын сатушы компаниялармен бағасына келісе алмай әлі жүр. Соның салдары мүгедек жанның қалтасына салмақ салған. Заң бойынша зейнеткерге жылына 365 дана несеп қабылдағыш тегін таратылуы тиіс. Бірақ, оның 12-сіне ғана әрең қол жеткізгенін біліп отыр.

Әбдіғали Ертаев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары: “Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министірлігінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы мүгедектердің оңалтудағы кейбір мәселелері туралы бұйрығында “Бараисов Әбдусаматқа міндетті гигиеналық құрал, соның ішіндегі несеп қабылдағыштың 365 данасы беріледі” делінген. Бүгінгі таңда ол азаматқа жергілікті бюджеттен 12 данасы берілді. Ал 353 данасы республикалық бюджеттен берілуі тиіс. Қаржы бөлініп те қойған. Бірақ, гигиеналық құралды сатушы компаниялар біздің ұсынған бағаға келіспей отыр. Бұл жайында облыстық басқармаға хат та жолдағанбыз.”

Осылайша Әбдусамат Бараисовтың мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Үйінде аштық жариялаған атай жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен басқармасының жұмысына наразылық білдірді. Бірақ, мүгедек жанның мән-жайын анықтауға сала мамандар келмеді.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz