Шымкентте ретсіз саудаға қарсы кезекті рейд өтті

303
Шымкентте ретсіз саудаға қарсы кезекті рейд өтті

Заңсыз сауданың соңы сотқа ұласады. Шымкентте кезекті рет ретсіз сауда жасайтындармен күрес мақсатында рейд ұйымдастырылды. Қалалық кәсіпкерлік бөлімі мен полиция өкілдері бірлесіп заңсыз пайда тапқысы келген пысықайларды тәртіпке шақырды.

Шымкентте ретсіз саудаға қарсы кезекті рейд өтті

Рейд ұйымдастырушыларының тіпті түрі таныс болып қалған ба, төбесі көрінгеннен саудагерлер үдере көше бастады. Заттарын тасып, рұқсат етілген орындарға ығысты. Ал енді бір саудагерлер ешкімнен айылын жимай, белгіленбеген жерлерде шаруасын жалғастыра берді.

Сабина Әбдүмүтәліпова айыппұл төлесе де табысын жоғалтқысы келмейтінін айтады. Осыған дейін әкімшілік шараға тартылған ол рейд кезінде тағы да көзге түсіп, ескерту алды.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада заңсыз саудамен айналысқан 1200 тұлға әкімшілік шараға тартылған. Бір ғана Абай ауданында осы уақыт аралығында 1,5 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты. Сонда да заңды белден басып, табысқа кенелгісі келетіндерге тұсау салу мүмкін болмай отыр.

Рұқсат етілмеген жерде сауда жасап, нәпақа табатындар тәртіпке шақырмақ болған полицейлерді де пысқыратын емес. Айтуларынша, базар басшылығымен ымыраласқан сатушылар құқық қорғау органы өкілдеріне жұмыс істеуге мұрша бермейді.

Дегенмен, рейд кезінде бірде-бір хаттама толтырылмады. Бұл жолы жауаптылар ескертумен шектеліп, белгіленбеген орындарды пайда көзіне айналдырғандарға ешқандай шара көрмеді.