Тұмауға қарсы егу басталды

523
Екпе егу

Бірінші қазанан бастап Оңтүстікте тұмау ауруына қарсы егу жұмыстары басталады. Мұндай алдын алу жұмыстары қалалық және аудан орталықтарындағы емханаларда өткізіледі. Егу үшін биыл мемлекеттік бюджет есебінен 493 млн 35 мың теңге бөлінген.

Екпе егуБұл қаржыға 500 мың вакцина алынған. Мамандар екпенің қауіпсіз екеніне толық кепілдік беріп отыр. Вакцина арнайы Ресейден алынған. Әрі халықаралық стандарттан өткізілген. Дегенмен, тегін егу жұмыстары барлық азаматтарға жасалмайды.

Жұмағали Медетов, ОҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті бастығының орынбасары: «Мемлекеттік бюджет қаражатына жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі ең көп әлеуметтік топтар – созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын, иммунитеті нашар және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдерге тегін егіледі. Жылдан жылға екпе жұмыстарына бөлінетін қаржының көлемі ұлғаюда. Мәселен, 2015 жылы тегін вакцинамен қамтылғандар 16 пайызды құраса, биыл 18 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.»

Тұмауға қарсы вакцинаны ақылы түрде алуға болады. Ақылы вакцинация жекеменшік орталықтарда, емханалардың екпе кабинеттерінде жүргізіледі. Оның құны әр өңірде 2200 теңгеден 3000 теңгеге дейін болады. Бір ескеретіні, екпе егілгеннен кейін 14 күннен соң күшіне енеді, оның қорғаныш белсенділігі 6-дан 12 айға дейін созылады. Әсіресе алғашқы үш күнінде абай болған жөн.

Айта кетейік, жыл сайын Қазақстанда тұмау мен ЖРВИ ауруын 600-ден 1 млн адамға дейін жұқтырады, яғни бұл ел халқының 3,5-нан 10%-ға жуығы деген сөз.