Қазығұрттағы 16 ауылға табиғи газ қосылды

502
Қазығұрттағы 16 ауылға табиғи газ қосылды

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазығұрт ауданында газдандыру жұмыстары қарқын алуда. Соның бір айғағы ретінде таяуда 4,5 мыңға жуық халқы бар Шарбұлақ ауыл округі тұрғындарының шаңырақтарын көгілдір отынға жалғаудың салтанатты жиыны өтті.

Қазығұрттағы 16 ауылға табиғи газ қосылды

Нақтырақ айтқанда табиғи отын, әзірге, осы ауылдың бір көшесіне берілді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Аудан әкімі Төлеген Телғараев тұрғындардың қуанышына ортақтасып, құттықтады.

– Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тойын лайықты табыстармен қарсы алу жолында көптеген игілікті шара өткізілуде. Соның бірі Шарбұлақ ауылына табиғи газ жүйесінің қосылуы дер едім. Әрине, елдімекендерге табиғи газ жүйесінің қосылуы үлкен қуаныш. Әсіресе, күнделікті ағаш жарып, тезек теріп, күл шығарып жүрген аналарымыздың жұмысы жеңілдейді, – деді әкім.

Шарбұлақ ауыл округінің төбе биі Амантай Құтымбет ақсақал тұрғындарға газдың берілуін тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына жасалған тарту ретінде дәріптеп, бұл үшін аудан, облыс басшылықтарына ауыл халқының атынан ризашылығын жеткізді.

Жалпы, бұл күні көгілдір отын аудандағы 16 елдімекенге берілді. Шарбұлақтан бөлек Ащыбұлақ, Жаңабазар, Жылыбұлақ, Жаңажол, Жаңаталап, Қарабастау, Тілектес, Үлгілі, Қарабау, Сынтас, Жұмысшы, Үшбұлақ, Махамбет Өтемісұлы ауылы, Үшбұлақ және Жіңішке ауылдарының тұрғындары да табиғи газ тұтынып, өркениеттің игілігіне қол жеткізуде.

Айта кету керек, жыл соңына дейін Қазығұрттағы тағы 16 елдімекен газбен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Нақты айтқанда, аудандағы Жігерген ауыл округінен төрт елдімекен, Сабыр Рақымов ауыл округіндегі үш елдімекен, Алтынтөбе және Тұрбат ауыл әкімдіктеріне қарасты сегіз ауылды көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін аталған елдімекендер газға қосылғанда, аудандағы көгілдір отынмен қамту жұмыстарының көрсеткіші 65 пайызға жететін болады.

Бұған дейін Шарапхана (екі ауыл), Жаңабазар (сегіз ауыл), Қарабау (төрт елдімекен) және Қазығұрт (бір елдімекен) ауыл округтеріне газ берілген болатын.

Қазығұрт ауданында 2012 жылға дейін 64 елдімекеннің оны табиғи газбен қамтылса, 2012-2014 жылдар аралығында аудан бойынша 32 елдімекенді газбен қамту жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды.