//
Жаңалықтар 

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған

Қазақстанда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуде мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше мән беріліп отыр. Мемлекеттік корпорацияның фронт-кеңселерінде арбадағы мүгедектер үшін пандустар, шақыру нүктелері орнатылған. Кеңселерді Брайль мәтініндегі ақпараттық тақталармен жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар жақында көзі нашар көретіндерге арналған тактильді жолдар орнату жоспарланып отыр.

Биыл 855 мүгедек қоғамдық ортаға бейімделді

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының қызметтерін І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттік корпорацияның фронт-кеңселеріне бармай-ақ ала алады. Мобильдік топты шақыру үшін олар бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөміріне телефон шалса болғаны. Мемлекеттік корпорация қызметкері шақырушыға 72 сағат ішінде барады.

Жыл басынан бері осындай мобильдік топ мүмкіндігі шектеулі 20 499 жанға барып, 28 619 қызмет көрсетті. Олардың ішінде жылжымайтын мүлік пен құжаттандыру бойынша қызметтерге, электрондық анықтамаларға сұраныс көп болды.

Мүгедектер үшін композиттік қызметтерді алу мүмкіндігі де қарастырылған. Мәселен, азамат мүгедектік тобын анықтау үшін комиссиядан өткенде оның басқа еш жерге баруының қажеті жоқ. Құжаттары онлайн режимде мемлекеттік корпорацияға беріледі, мұнда барлық жәрдемақы түрлерінің төлемі белгіленіп, төленуі де ұйымдастырылады.

Бұл әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі мен орталықтандырылған мүгедектік мәліметтер базасын ықпалдастырудың нәтижесінде мүмкін болып отыр. Өтініш қабылдау кезінде қағаз жүзіндегі құжат айналымы болмайды, ал жеке басын куәландыратын құжат жөніндегі, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы мәліметтерді қызметкер электрондық үкімет шлюзі арқылы жеке азаматтардың мемлекеттік мәліметтер базасының ақпараттық жүйесінен алады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында әр түрлі қызметте мүмкіндігі шектеулі 360 жан жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн.

Жалпы, статистика бойынша Қазақстанда 571 685 мүгедек тіркелген, оның 293 665-і – I және II топтағы, 210 421-і –III топтағы мүгедектер, 67 579-і – мүгедек балалар. Оларды мемлекет әлеуметтік жағынан қамтамасыз етіп отыр, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді өз уақытында төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады.

Еске сала кетсек, 1993 жылғы маусым айында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен мүгедектер күні белгіленген. Ол жыл сайын қазанның екінші жексенбісінде аталып өтеді.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz