//
Дендросаябаққа арнайы техника сатып алынды Жаңалықтар 

Дендросаябаққа арнайы техника сатып алынды

Шымкент қаласындағы дендросаябаққа тың күш қосылды. Осындағы мамандардың қажеттілігі үшін арнайы техника сатып алынды. Ол агрегат үлкен ағаштарды тамыр-топырағымен бірге алып, лезде жаңа орынға егуге мүмкіндік береді.

Шымкент дендрологиялық саябағының аумағы көлемді 117 гектар жерді алып жатыр. Мұнда жасыл желектің 2оо-ден астам түрі өседі. 37 жыл бұрын егілген ағаштар мен бұталардың көбі жайылып өсіп, қалыңдап кеткен. Соны реттеп, ағаштарды сұрпы мен түріне қарай шоғырландырудың мүмкіндігі туды. Жаңа техника осы мақсатта алынған.

Дендросаябаққа арнайы техника сатып алынды

Пайдасы орасан бұл техника облыс бюджетінен бөлінген 43 млн теңге сатып алынған. «Optimal – 1400» агрегаты дұрыс пайдаланылса, осындағы қызметкерлердің де жұмысы оңтайланады. Қазір олар талшынның жемісін жинауда. Бір-біріне тым жақын орналасқан бұталармен арпалысып, тұқымдық жидек жинау – қиынның қиыны.

2015-2017 жылдарға арналған даму бағдарламасы шеңберінде дендрологиялық саябақта жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Былтыр жасалған түгендеу жұмыстары барысында жер алқабы 31 учаскеге бөлініп, әр ағаш, бұтақ бақылауға алыныпты. Ну орманға айналған саябақтың бөліктерін тазартуға тендерде жеңімпаз болған мекемелер кіріскен. Сирек кездесетін ағаштардың қатарын көбейту үшін ғылыми жұмыстар да жүргізілуде дейді мамандар. Мысалы, магнолияның шыбықтары жақсы жетілсе, саябақта көптеп отырғызылмақ. Ал оның гүлдеген кезеңі ерекше. Сары түсті гүлдерге оранатын бұл қызғалдақ ағашы көктемде саябаққа керемет сән береді.

Саябақта жиі кездесетін қырым қарағайы Оңтүстіктің ауа райына жақсы бейімделген. Алайда түрлі ауруларға ұшырайтындары да бар. Биыл көктем ылғалды болып, қаптап кеткен түрлі зиянкестермен күресуге саябаққа өңірлік фитосанитарлар шақырылыпты. 100 гектардан астам аумақтағы жасыл желекті баптап, сақтау үлкен жұмыс. Сондықтан серуендеп, демалуға келгендер осы аумақтағы ағаштар мен өсімдіктердің күтіміне жауапкершілікті сезінсе, қызметкерлердің еңбегін бағаласа дейді дендрарий мамандары.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz