Депутат өз сайлаушыларымен кездесті

486
Депутат өз сайлаушыларымен кездесті

Облыс мәслихатының депутаты Жұмағали Білісбеков №4 округтегі сайлаушыларымен кездесті. Қазығұрт шағынауданындағы Құрсай, Ақжар, Ақтас елдімекендерінің тұрғындары жол, жарықтандыру, ауызсу мәселелерін көтерді. Өз кезегінде халық қалаулысы өзекті проблемалардың шешілу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен жиналған қауымды таныстырды.

Депутат өз сайлаушыларымен кездесті

Кездесуде тұрғындар сенім артып, көктемде сайлаған депутатының алдына бар мәселені жайып салды. Әрине, қордаланған мәселе мүлдем шешілмей жатқан жоқ деп айта алмаймыз, шешілуде, бірақ баяу дейді ақсақалдар. 2006 жылға дейін Наурыз поселкесі болып, кейін шағынаудан статусы берілген Қазығұртта тұратын халық саны бүгінде 34 мыңнан асады. Оған қаланың аумағы кеңейіп, өзге де елдімекендерінің қосылғанын ескерсек, шешімін таппаған коммуналды мәселе жетерлік дейді ауыл белсенділері.

Алтыншы шақырылымдағы облыс мәслихатының депутаты Жұмағали Білісбеков өзі сайланған №4 округтегі мәселелермен етене таныс. Оларды шешу жолдары сайлауалды бағдарламасына да енгізілген болатын. Коммуналдық күрделіктер Абай ауданының индустриалдық картасына енгізілген, сондықтан міндетті түрде шешіледі. Тек, күту қажет деп сайлаушыларын сабырлыққа шақырды халық қалаулысы.

Тағы бір мәселе – қаланың іргесіндегі Абай ауданына қарасты елдімекендерге ортақ бір емхана қажет дейді тұрғындар. Бұл мәселе аудан әкімдігі тарапынан шешілуде.

Емхана ғимаратының орнын әр ауыл өз ыңғайына шешсе, алдағы бюджетті нақтылаудан қалып, құрылысы шегеріледі. Сондықтан іргетасы қаланатын медициналық мекеменің бой көтеретін аумағын тез арада ақылдасып, шешуіміз керек деп түсіндірді депутат. Елдің пікірін тыңдап, бар мәселені ортаға салып, оның шешу жолдарын бірге іздесек, алынбайтын қамал жоқ деп тарқасты жұртшылық.