//
Сайрам ауданында мектеп директорлары конкурспен тағайындалды Жаңалықтар 

Сайрам ауданында мектеп директорлары конкурспен тағайындалды

Сайрам ауданының мектеп директорлары емтихан тапсырды. Олар бұл лауазымға конкурс нәтижесінде тағайындалды. Үміткерлер арнайы құрылған комиссия алдында сауалдарға жауап беріп, сарапшылардың елегінен өтті. Бұл тәжірибе әзірге өңірдің үш ауданында енгізіліпті. Ашық конкурс барлық қала-аудандарда жалғасады дейді жауапты мамандар.

Сайрам ауданында мектеп басшысын тағайындаудың бұл әдісі осымен екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы сынақтан өтпегендер бұл жолғысына қатысқан жоқ. Ал бұл жолы аауданда бос тұрған 3 мектептің директоры лауазымына ие болу үшін алты үміткер бағын сынап көрді.

Сайрам ауданында мектеп директорлары конкурспен тағайындалды

Мұхиддин Қожамқұлов, Сайрам аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы: “Бұл конкурс бірінші рет ашық түрде өткізіліп отыр. “Нұр Отан” партиясы, білім ошақтары мамандарын қатыстырып отырмыз. Әділ де ашық болады деген сенімдеміз. Үш мектепке кандидаттарын ұсынды, барлық құжаттары талапқа сай. Енді біліктілігін, білімін көрсете алады деген сенімдемін”.

Конкурс кәдуілгі қатал емтихан іспетті өтті. Үміткерлер бірнеше сұрақтар жазылған билеті бар конверттерді ашып, сұрақтарға толымды жауап беруі тиіс. Оған қоса сарапшылар тарапынан қосымша сауалдар қойылады. Педагогтың еңбек жолындағы марапаттары да ескеріледі екен.

Үміткерлердің басым көбі Қазақстан Республикасының заңдары туралы сұрақтардан шатасты. Ұжымды басқарудағы, оқу-әдістемелік процесін жақсарту жолындағы біліктілігі де сараланды. С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясын басқаруға таласқан 2 үміткерден жас болса да біліктілігі, басшылық қабілеті жағынан Санат Нұртаев лайық деп танылды.

Сайрам ауданында мектеп директорлары конкурспен тағайындалды

Санат Нұртаев, С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының директоры: “Менің еңбек өтілім – 7 жыл. Бұл мектепте бір жылдан бері директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істеп келдім. Конкурс жайлы айтар болсам, ашық, әділ өтті деп ойлаймын. Елімізде көптеген реформалар болып жатыр. Оның жемісін көру үшін функционалды білім сапасын арттырып, еліміздің дамуына өз ықпалымды қоссам деймін.”

Биыл сонымен қатар Төле би және Қалауов атындағы жалпы орта мектептердің жаңа басшылары тағайындалды. Комиссияға аудандық білім бөлімінен, мектептерден бөлек облыс әкімі аппаратынан да жауапты мамандар қатысты. Сондай-ақ, тәуелсіз сарапшылар мен өңіріміздегі жоғары және орта білім ошақтарының тәжірибелі ұстаздары қазылық етті. Енді бұл бастама өңіріміздегі мектептердің барлығына енгізілмек.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz