Шымкентте түнгі клубтың жанында жас жігітті атып кетті

336
Шымкентте түнгі клубтың жанында жас жігітті атып кетті
Фото: //letnews.ru

Шымкентте жас жігіттердің ерегісі адам өлімімен аяқталды. Қайғылы жағдай түнгі клубтардың бірінде болған деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Шымкентте түнгі клубтың жанында жас жігітті атып кетті
Фото: //letnews.ru

Таңға жуық клубқа келген жас жігіттер өзара ерегісіп қалады. Төбелестің соңында олардың бірі тапаншасын алып, қарсыласының желкесінен атады. Соның салдарынан ауыр жарақат алған жәбірленуші ауруханаға барар жолда мерт болды. Ал оқ атқандар оқиға орнынан қашып кеткен. Қазір оларды полиция іздестіріп жатыр.

«2016 жылдың 16 қазаны күні таңғы сағат 4 шамасында Еңбекші полиция бөлімінің кезекшісіне облыстық клиникалық ауруханасынан хабарлама түскен. Онда желке тұсынан алған оқ жарақатымен белгісіз ер азаматтың мәйіті жеткізілгені хабарланған.

Аталған жайт Еңбекші ПБ-нің сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, қылмысты кодекстің екі бабымен: 99-баптың 1-бөлігі (адам өлтіру) және 287-бап (қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен құрылғыларды заңсыз алу, өткізу, сату, сақтау, тасымалдау мен алып жүру) іс қозғалды.

Жедел іс-шаралар барысында полицейлер күдікті 1991, 1993 және 1996 жылы туған үш азаматтың жеке бастарын анықтады. Оларды қолға түсіруде тиімді шаралар қабылдануда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» делінген хабарламада.