Шымкенттік кәсіпкер шенеуніктерге өз ісінің сапасын дәлелдемек

322
Шымкенттік кәсіпкер шенеуніктерге өз ісінің сапасын дәлелдемек

Шымкенттік шенеуніктер кәсіпкерге қолдау көрсеткісі жоқ. Отандық өнім шығарып, 30-ға тарта азаматқа жұмыс беріп отырған «Катабан» мекемесінің басшысы осылай дейді. Автомобиль жолдарына арзан жолақ сызатын мекеме жұмыс таппай отыр. Ал қазір қала көшелеріне сызылып жатқан жолақтар қымбат және адам денсаулығына зиян дейді.

Шымкенттік кәсіпкер шенеуніктерге өз ісінің сапасын дәлелдемек

Мангелдин көшесіндегі ақ және сары түсті жолақтарын «Катабан» ЖШС-нің жұмысшылары осыдан төрт ай бұрын сызған. Технология бойынша ыстық термопласт бір жылға дейін асфальт бетінен көшпеуі тиіс. Ал мұндағы жолақтардың біразы өшіп кеткен. Себебі, жол белгісін сызу кезінде кәсіпкерге жолаушылар көлігі және АЖ бөлімі тарапынан қолдау көрсетілмеді дейді кәсіпкер.

Жанат Князов, «Катабан» ЖШС директоры: «Бізге уәде бойынша көшені жауып беруі тиіс еді. Өкінішке қарай, ол орындалмады. Соның салдарынан бір сағат қайнауы тиіс қоспа 5-6 сағат қайнап, сапасы жойылды.»

 

Шымкенттік кәсіпкер шенеуніктерге өз ісінің сапасын дәлелдемек

Шымкент қаласы бойынша жыл сайын жол сызықтарын сызу үшін 100 млн теңге бөлінеді. Қазір бір жылдық кепілдігі бар суық термопласт пен екі ай сайын жаңартуды қажет ететін акрилді бояу қолданылады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылары «Катабан» мекемесінің «Айқын жол» ыстық термопласы өзін ақтамады деп отыр.

Ал кәсіпкердің мұныменен келіскісі жоқ. Айтуынша, бұл – отандық өнімді шығарып, оның сапа сертификатын алған еліміздегі жалғыз мекеме. «Айқын жол» деген атау алған шикізат адам денсаулығына зиянсыз және бағасы да өзге бояуларға қарағанда әлдеқайда арзан дейді.

Жанат Князов, «Катабан» ЖШС директоры: «Европаның барлық елінде осы суық термопласты қолданбайды, ол адам ағзасына өте зиян, бағасы қымбат.»

Отандық өнімді өндіруші кәсіпкер мұнымен мұңайып отырған жоқ. Ол шенеуніктерге өз өнімінің сапалы екенін дәлелдеп қана қоймай, өнім сапасын одан әрі шыңдамақ.

Нұрлан Жаңабай