Қараңғы аула — қылмыс ордасы

Шымкенттің бірқатар аумақтары қараңғы түнекте қалып отыр. Аулаларға тартылған жарық сөніп, соның салдарынан қылмыстық ахуал күрделеніп барады. Онсыз да криминогенді аумақ саналатын теміржол вокзалы маңайындағы тас түнек, жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Қараңғылықты пайдаланған қаскөйлер қалың қауымның есік алдындағы көліктерін тонап кетуде.

Қараңғы аула - қылмыс ордасы

Аулалары апталап тас түнекте болатын тұрғындар қазір қас қарая үйден шығуға қорқады. Өйткені тіршілігі қайнаған теміржол вокзалының маңы кешкісін маскүнемдердің ордасына айналған. Әкесінің үйінде жатқандай, кіреберістегі орындыққа жайғасқандардың талайын кездестіруге болады. Қылмыстың да ортасы осы дейді тұрғындар.

Ауладағы қараңғылықтың кесірінен соңғы кезде қылмыстың да өршіп кеткенін жасырмайды қалың қауым. Мұнда қаскөйлердің темір тұлпарларды тізгіндеп кетуін есептеп жату мүмкін емес дейді олар. Жаздың соңынан бері бес көлікті үптеп кетсе, жылдық есепті еске түсіру тіптен күрделі. Ал тәртіпті қадағалап, тентекті тезге салатын полицейлер бұл маңда төбе көрсетпегелі қашан?! Шамданған жұртшылық арасында, тіпті, учаскелік полиция инспекторын танымайтындар бар.

Тек аулалардағы ғана емес, көше бойындағы жарықтандырудың да жағдайы мәз емес. Шамдар сынып, кейбірі, тіпті, тозғаннан істен шыққан. Ал мұны ретке келтіруі тиіс мердігердің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Тапсырысты беретін тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің қызметкерлері де бақылауды уыстан шығарып алған сыңайлы. Тез арада ахуалды реттейміз деген мұндағы мамандар жарықтандыруды қолға алатынына уәде берді.

Ал қылмысты тыюға құзырлы тәртіп сақшылары тізгінді қолға алуға әзірге асығар емес. Аулалар арасында рейд жүргіземіз деген полицейлердің құрғақ уәдесін жұрт күтумен әлі жүр. Ал оған дейін тағы қаншама көліктің қолды болары бір Аллаға ғана аян дейді тұрғындар.

Мақсат Жақсыбаев

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz
Журналисттің авторлық бағанасы

Тұрмысы жұпыны, қылмысы аз Ащысай ауылы…

TweetЖер асты байлығымен әлем назарында тұрған Қазақ елінің қазыналы өлкесі көп. Солардың бірі — Кентау қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан Ащысай ауылы. Кезінде бүкіл одақты полиметалл кенімен қамтамасыз еткен ауылдың бүгінгі жағдайы мүшкіл. Ауыл азаматтарының басым бөлігі бас сауғалап, өзге өңірлерге көшіп кеткен. Ал елде қалғандары екі қолға бір күрек таппай жүр. Ауыл шаруашылығын дамытуға […]

ЖАҢАЛЫҚТАРДЫ ҚАРАП ЖҮР