Шымкентте қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

406
Шымкентте қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Шымкенттегі төрт ауданның әкімдері мен қалалық әкімдіктің төрт бөлімінің басшылары қоғамдық кеңес алдында 10 айда атқарған жұмыстары жайында есеп берді. Құрамында түрлі саладан 20-дан астам мүшесі бар кеңес Шымкент қаласы бойынша көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді көтеріп, шенеуніктерді сұрақтың астына алды.

Шымкентте қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Алғашқы болып мінбеге көтеріліп, баяндама жасаған Абай ауданының әкімі жергілікті полицейлердің жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты. Жалпы, аудандағы құқық бұзушылықты қадағалауы тиіс полицейлеріміз көшедегі көліктерді аңдумен әлек дейді ол. Айтуынша, инспекторлар әкімдікпен бірлесе жұмыс жасауға құлқын танытпайды екен. Жиналысты желеу еткен погондағыларды қызмет орындарынан табу қиын дейді әкім.

Кеңес мүшелерінің төрт әкімге қойған сауалдары бір тақырып – ол шаһар тазалығы. Шымкент қаласын қашан таза және атына сай жасыл қала етеміз деген сауалға әр ауданның әкімі әр түрлі жауап айтты. Солардың арасынан қала көркін бұзып, қоқыс тастайтындарды жазалау керек деген Еңбекші ауданы әкімінің бұл тұрғыдағы жауабы ерекше болды. Ол Малайзия, Сингапур секілді дамыған елдерге тәртіп бұзғандарға дүре соғылатынын еске салды.

Аудан әкімдері алдын ала даярлап келген баяндамаларын оқып жатпады, тек қойылған сауалдарға жауап берді. Және жиынның соңын күтпей кетіп қалды. Ал залда қалған қоғамдық кеңестің мүшелері қаланың сәулеті мен көркіне жауапты бөлім, жерлестерімізді баспанамен қамтамасыз ететін бөлім басшылары мен тәртіп сақшыларының есебін тыңдады.

Тағы бір айта кетер жайыт, 2017 жылдың Наурыз айында Шымкент қаласындағы 327 көшеге жер-су атаулары берілетін болады. Бүгінгі таңда қалалық әкімдіктің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өз ұсыныстарын даярлап, қалалық мәслихаттың қарауына ұсынып отыр. Бұл ұсыныс желтоқсан айында республикалық ономастикалық комиссия отырысында бекітіледі. Айта кетейік, Шымкент қаласында бүгінгі таңда әлі күнге 364 көшеде атау жоқ.

Нұрлан Жаңабай