Шымкентте сиыр мен жылқы еті бұқтырылады

836
Шымкентте сиыр мен жылқы еті бұқтырылады

Отандық өнімдердің қатары жылдан жылға толығып келеді. Солардың бірі – былтыр ақпан айында ашылған шымкенттік кәсіпорын сиыр етін бұқтырып, консервіленген тамақ өнімін шығарады. Бүгінде нарықта сұранысқа ие азық-түліктің бұл түрін шығаруды Монғолиядан қоныс аударған қандасымыз Жәнібек Қанатхан Бурятияда үйренген.

Шымкентте сиыр мен жылқы еті бұқтырылады

Мамандығы тіс дәрігері ол бүгінде тамақ өнеркәсібі технологы мамандығын игеруде. Нәтиже үлгі тұтарлық, бүгінде кәсіпорында бұқтырылған сиыр етінің үш түрін шығарылуда. Бағасы да қолжетімді.

Жәнібек Қанатхан, кәсіпкер: «Өнімнің түрін көбейттік. Қазіргі таңда бұқтырылған еттен бөлек сиыр етімен бұқтырылған күріш, арпа ботқасын дайындап шығарамыз. Балық етін де бұқтыру технологиясын игердік. Экологиялық таза өнім шығару үшін барлық талап толық орындалуы тиіс. Тамақ өнеркәсібі болғандықтан біз малды бордақылаудан бастап оны консервілеуге дейінгі процессті мұқият қадағалаймыз. Сондықтан өз өнімімізге кепілдік береміз.»

Мемлекет тарапынан несие, субсидия алмай, өз кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер бүгінде 100-ге жуық жерлесімізді тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айта кететін жайт, 30 жастағы кәсіпкер кәсіпорынды жеткілікті шикізатпен қамту жағын алдын ала ойластырған. Экологиялық таза ет мұнда Төлеби ауданындағы «Төребек» шаруашылығынан жеткізіледі. Бүгінде серіктестік жылқы етін де бұқтырып, консервіленген тамақ өнімін шығарады.

Шымкентте сиыр мен жылқы еті бұқтырылады

Жәнібек Қанатхан, кәсіпкер: «Бұқтырылған жылқы етіне сұраныс, әсіресе, Оңтүстік өңірінде жоғары. Оның технологиясы күрделірек. Қазыны жасап алғаннан кейін оларды 0 градуста кептіріп, сақтаймыз. Содан кейін бұқтырып, құтыларға саламыз.»

Серіктестікте тәулігіне бес мыңға жуық құты ет бұқтырылады. Ең бастысы, кәсіпорын қалдықтарды да кәдеге жаратуды қолға алған. Тағам қалдығынан ит пен мысықтарға арналған консервіленген өнім шығарылады. Еш қоспасыз таза өнімге сұраныс бүгінде жоғары.

Оңтүстіктің консервілерін қазақстандықтардан бөлек көрші Өзбекстан да тұтынады. Өнімнің өзіндік құнын төмендету бағытында жұмыстар жоспарланған. Олардың маңыздысы кәсіпорын өз бордақылау алаңын ашпақ. Әрине, бұл тиімді жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қажет етеді. Алайда, жұмысыңды бастамас бұрын нарықты талдап, әрекет етсең, алынбайтын қамал жоқ дейді іскер кәсіпкер.